Израильдің «Haaretz» газетінде 17 сәуірде жарияланған сұхбатта 34 жастағы бұрынғы сарбаз, әрі программист Ювал: «Жақсы жауабым жоқ. Ешқандай жауабым жоқ. Істегендерім кешірілмейді. Бұл күнәні жуып-шаю мүмкін емес», — дейді.
«Мен құбыжық екенімді сезіндім: ЦАХАЛ сарбаздары, "моральдық жара" және үнсіздік» деп аталған мақала Израильдің «әлемдегі адамгершілігі ең жоғары армия» деген аңызының күлін көкке ұшырды.
Жазба 2023 жылдың қазанынан бері Газадағы «өлім алаңдарында» қызмет еткен израильдік бөлімшелердің кездейсоқ кісі өлтіру, азаптау, тонау және қылмысты жасыру әрекеттерін әшкерелейді.
Бейбіт өмірге оралғанда, олардың кейбірі қылмыстық сезіммен арпалысуға мәжбүр.
2023 жылдың желтоқсанында Хан Юнусте Ювалдың бөлімшесі дрон «күдіктілерді» байқағанын білдірген соң шабуылға шығады.
Ол «есі ауысқандай» оқ жаудырып, кейіннен қарусыз қарт адам мен үш жас баланы қырып салуға көмектескенін түсінеді. Денелері оқтан тас-талқан болып, ішкі мүшелері сыртқа шығып кеткен.
Бөлімше командирі келгенде, бір сарбаз мәйіттердің үстіне түкіріп, «Израильге қарсы шыққандардың бәрінің күні осы», — деп айқайлайды.
Ювал есеңгіреп қалса да, ештеңе айта алмайды.
2023 жылдың қазаны мен 2025 жылдың соңы аралығында 80 000-нан астам израильдік сарбаз психологиялық ауытқуларға байланысты емделген.
2025 жылдың қазанына дейін Израиль армиясы 279 суицид әрекетін тіркесе, оның 36-сы өліммен аяқталған.
Мақала авторларының айтуынша, бұл сарбаздар өмір сүріп, терапияға баруын жалғастырып жатқанда, олардың палестиналық құрбандары тіпті лайықты жерлеу рәсімінен де мақұрым қалып, тоннадаған үйінді астында есімсіз жатыр.
Әскерден босатылып, Тель-Авивке оралған Ювал бейбіт адамдарды өлтіруге ешқандай ар-ұждан күйзелісінсіз қатысқаны үшін өзін «құбыжық» сияқты сезінді.
Ол жоғары технологиялық жұмысынан шығып кетті, адамдардан жасырынды, үйіндегі айналарды сындырып, өз-өзіне қол жұмсау туралы ойларын айта бастады.
«Мүмкін, қандай да бір жолмен өлгім келетін шығар, бәрі бітсінші», — деді ол.
«Haaretz» басылымына сұхбат бергеннен кейін екі күн өткен соң ол психиатриялық бөлімшеге жатқызылды.
Алайда оның құрбандары — дәлірек айтқанда, олардың мәйіттері - әлі де Газаның бір жерінде үйінділер астында жатыр. Израиль 2023 жылдың қазанынан бері бұл жерге кем дегенде алты «Хиросима» атомы бомбасының қуатына тең жүздеген тонна жарылғыш зат тастады. Ювалдың сансыз құрбанының жақындары терапияға немесе антидепрессанттарға қол жеткізе алмайды. Олар барлық мүліктері мен күнкөріс көздерінен айырылғандықтан уақытша шатырларда өмір сүруін жалғастыруда.

«Haaretz» газетіндегі әрбір сұхбатта соғыс қылмыстарына қатысты өкініш сезімі қайталанып тұрады.
Майя “Сауытты корпустың резервтік бөлімшесінде” кадр маманы болған; ол Газаның оңтүстігіндегі басқару бөлмесінде отырғанда, армия белгілеген «шекарадан» қарусыз бес палестиналық өткен сәтте сонда болды.
Командир оқ жаудыруға бұйрық берді.
Танктің пулеметі қорғансыз палестиналықтарды нысанаға алып, бірнеше секунд ішінде жүздеген оқ жаудырды. Төртеуі сол жерде қаза тапты.
Аймаққа дереу бульдозер келіп, оларды «иттер жемесін, ауру тарамасын» деп көміп тастады.
Қолдары кісенделіп, көздері таңылған күйде торға қамалған тірі қалған адамның үстіне болса сарбаздар күліп тұрып дәрет сындырды.
Майя да еркек әскерлермен бірге күлді.
Кейіннен израильдік тергеуші сол палестиналықтың кінәсіз екенін растады. Ол адам тек үйіне жетуге тырысқан еді.
Алайда оның шарасыздығы Майяның өзін «екіжүзді» және «лас» сезінуіне себеп болды.
Майя үнемі жуынып, тазалану ауруына шалдықты.
«Қалай жай ғана тұрып, ештеңе істемедім? Бұл жағдай мен туралы не айтады?»
«Біз не болып кеттік?»
Басқа бір сарбаз Иехуда болса қолын көтеріп берілген қарусыз палестиналықты бір офицердің атып тастағанына куә болды.
Дрон кадрлары бұл сәтті түсіріп алды. Басқару бөлмесіндегі кейбір офицерлер бұны «кісі өлтіру» деп атады, бірақ қылмысты жасыруға шешім қабылдады.
Олар «бір террорист» өлтірдік деп есеп берді. Ешқандай тексеру жүргізілмеді және қанішер офицер жаза алмастан қызметін жалғастыра берді.
Иехуда да ол кезде үнсіз қалуды жөн көрді.
Арадан айлар өткен соң Мадридте әйелімен бірге Прадо мұражайын аралап жүргенде, қарулы адамдар алдындағы қорғансыз кісіні бейнелейтін Гояның картинасы оны жұрт алдында есеңгіретіп жіберді.
Ол кенеттен терлеп, бақылаусыз түрде еңкілдеп жылай бастады.
«ҚМен қалайша бір шетте тұрып, дұрыс әрекет жасамаған адамға айналдым?»

Израильдің «Нахаль» бригадасының мергендері көмек іздеп, армия белгілеген шекаралардан өткен палестиналықтарды атып тастағандарын мойындады.
Мергендердің дүрбісімен қарағанда, бұл оларға «компьютерлік ойын» сияқты көрінген; бірақ кейін тамақ іздеген кінәсіз адамдардың жүздері ойларынан шықпай қойған.
Бір мерген әскери борышын өтеп қайтқан соң түнде жіберіп қоятынын айтты.
«Өзің өлтірген адамдарыңның жүзін ешқашан ұмытпайсың», — деді ол.
Басқалары палестиналықтардың үйлерінен тұрмыстық техника, алтын, қолма-қол ақша тонағандарын; сарбаздардың отбасылық фотосуреттерді өртеп, үстіне дәрет сындырғанын айтты.
Бір сарбаз бұл істен жиіркенгенін, бірақ бәрібір үнсіз мақұлдағанын мойындады.
Газаның солтүстігінде тергеу бөлмесін күзеткен Эйтан тергеушінің тұтқынды шешіндіріп, оның мүшелеріне кабель байлағанын, әрбір жауапсыз қалған сұрақ сайын кабельді қаттырақ тартқанын, адамның «рухы денесінен бөлініп бара жатқандай» жан дауысы шыққанша қарап тұрды.
«Жертөлелерде тағы не болып жатыр? Қандай құпияларды сақтап жүрміз?» — деді Эйтан.
«Haaretz» газетіне Гуй деген есіммен таныстырылған адам 2023 жылдың қазанынан кейін жүздеген күн резервте болды. «Арнайы әдістермен» «террористерді» өлтіруді көздеген туннель операциялары кейбір сарбаздарды еліртсе, ол бұл процестен Холокосттың жаңғырығын көрді.
Күйген еттің иісіне асқазаны шыдамағандықтан ол вегетариан болып кетті.
«Біз не күйге түстік? Мен кімге айналдым?»










