ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
Асадтың түрмелерінде шамамен 2000 палестиналық тұтқын жоғалып кетті
Самир әл-Рифаи Сирия режимінің түрмелерінде жоғалған палестиналық тұтқындардың ресми деректерін мәлімдеп, Асад билігі кезінде палестиналық босқындардың тап болған қиындықтарын егжей-тегжейлі баяндады.
Асадтың түрмелерінде шамамен 2000 палестиналық тұтқын жоғалып кетті
/ AFP
12 Наурыз 2025

Палестинаның Сириядағы елшісі Самир әл-Рифаи 2000-2024 жылдар аралығында Сириядағы Асад режимінің түрмелерінде 1,784 палестиналық тұтқынның жоғалып кеткенін мәлімдеді.

Палестинаның Сириядағы елшілігінде Анадолы агенттігіне берген сұқбатында әл-Рифаи “Құжатталған деректер бойынша бұл көрсеткіш жоғалған адамдардың санын толық көрсетпеуі мүмкін, себебі құжатталмаған қосымша деректер де болуы мүмкін”, - деді.

Жоғалғандарды тіркеу

Әл-Рифаи жоғалған тұтқындардың есімдері, қамауға алынған күндері мен орындары жазылған құжаттарды ұсынды. Олардың арасында 2013 жылы Дамаскідегі Машру Думмар ауданынан ұсталған Мажид Мұхаммед Шумер және 2014 жылы Сирияның оңтүстігіндегі Дараа қаласында қамауға алынған Васим Махмуд Бадран да бар.

Сондай-ақ әл-Рифаи өзі жеке таныс болған екі палестиналық дәрігер Алаа әл-Дин Юсуф пен Хаел Хамидтің 2013-2014 жылдары Дамаскіде жоғалып кеткенін атап өтті.

“2013 жылы Асад режимінің түрмелерінде адамдар жоғалып кеткен 500 жағдай тіркелген, ал кейінгі жылдары бұл көрсеткіш жоғарылаған”- деді әл-Рифаи.

Ресми органдардың бұл жоғалуларға қатысты әрекеттері туралы сұраққа елшіліктің Асад үкіметімен бірнеше рет байланысқанын, бірақ нақты жауап ала алмағанын, себебі Асад режимінің өкілдерінің жауапкершіліктен қашып, жауапкершілікті бір-біріне сілтегенін айтты.

Халықаралық есептерге сәйкес мыңдаған тұтқын Седная түрмесінде құпия түрде өлім жазасына кесілген. 2011-2015 жылдар аралығында бұл түрмеде апта сайын шамамен 50 адам заңсыз түрде өлтірілген.

Асад үкіметі 2011 жылы бейбіт саяси өзгерістерді талап еткен наразылықтарды тоқтату үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Бұл Сирияда жойқын азаматтық соғыстың басталуына әкелді.

Палестинаның әрекеттері

1985-1991 жылдар аралығында Асад түрмелерінде алты жыл отырған әл-Рифаи Палестина президенті Махмуд Аббастың Дамаскіге бірнеше делегация жібергенін айтты. Ол бұл делегацияның палестиналық босқындар, тұтқындар, гуманитарлық көмек және денсаулық мәселелерін талқылау үшін тағайындалғанын айтты.

“Алайда бұл делегациялар ақпаратсыз қайтып келді. Жоғалған тұтқындар туралы ақпарат ала алмады” - деді.

Елші Асад режимі құлағаннан кейін елшілік Седная түрмесінен босатылған палестиналық тұтқындармен байланысып, жоғалғандар туралы ақпарат жинауға тырысты, бірақ жоғалғандар туралы ешқандай мәлімет ала алмағандарын атап өтті.

Әл-Рифаи жоғалғандардың арасында Сириядағы палестиналық босқындар ғана емес, сонымен қатар Батыс Шериядан келген адамдар да бар екенін, Сирияның бір кездері палестиналық жауынгерлер үшін “қауіпсіз мекен” болып саналғанын, бірақ көптеген адамның жұмбақ жағдайда жоғалып кеткенін мәлімдеді.

Асад режимі құлағаннан кейін Батыс Шерияның Дженин қаласынан бір палестиналық тұтқын Седная түрмесінен босатылды. 1985 жылдан бері түрмеде отырған кісінің аты-жөнін атамаған әл-Рифаи оны бұрынғы тұтқын Башар Салих екенін және ол қазір Дамаскіде тұрып жатқанын, Палестина президенті Аббас тарапынан оған жалақы тағайындалғанын және Дженинге оралуы үшін қажетті шаралардың жасалып жатқанын атап өтті.

Әл-Рифаи сонымен қатар Батыс Шерияда бірнеше отбасының Сирияда бірнеше жыл бұрын жоғалып кеткен туыстары туралы баяндағанын айтты. Бірақ Асад режимінің бұл адамдар туралы ешқандай мәлімет бермегеніне тоқталды.

Іздеу
Түркия Сыртқы істер министрі Ирандағы жағдайға байланысты бірқатар келіссөз өткізді
«Иран әділетсіз әрі заңсыз шабуылға ұшырады»
Президент Ердоған Таяу Шығыстағы қақтығыстарды тоқтатуға шақырды
Түрік әуе компаниялары Таяу Шығысқа барлық рейсті тоқтатты
Иранға бағытталған шабуылдар басталғалы бері  АҚШ-тың 6 сарбазы қаза тапты
Иран Хормуз бұғазынан өтуге тырысқан кемелерге шабуыл жасалатынын ескертті
Әлем елдері өз азаматтарын Таяу Шығыстан эвакуациялауда
БҰҰ: «Израиль Газаға гуманитарлық көмекті тоқтатты»
Түркия мен Иран шекарасында шектеу
Израиль Ливанда 31 адамды өлтірді
Иран дағдарысы салдарынан мұнай бағасы артуы мүмкін
Иран Израильді атқылады: Бейт-Шемеште 9 адам қаза тапты
Али Лариджани: «Иран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейді»
Кувейттегі АҚШ әуе базасының маңында әскери ұшақ құлады
Мьянма армиясы 10 мың тұтқынды рақымшылықпен босатты