Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның астанасы Киев қаласы мен Киев облысындағы көлік, логистика және үлестіру орталықтарына соққы бергенін мәлімдеді.
Министрлік таратқан хабарламада Ресей Қарулы күштерінің Украинадағы шабуылдары туралы ақпарат берілді.
Мәлімдемеде Ресей әскері түнгі уақытта Киев қаласы мен Киев облысындағы көлік, логистика және үлестіру орталықтарына ауқымды соққы бергені айтылды. Шабуыл барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған бөлшектер, роботтандырылған жүйелер мен радиоэлектрондық күрес құралдары сақталып, таратылатын «MLP-Чайка», «Транс-Логистик» және «Эпицентр» логистикалық орталықтары, сондай-ақ «Нова Пошта» терминалы нысанаға алынғаны хабарланды.
Сондай-ақ Киев облысындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарының бөлшектері сақталып, жөнелтілетін «Терминал Бровары», «Рабен Украина» және «Бровары» логистикалық орталықтарына да соққы берілгені хабарланды.
Министрліктің хабарлауынша, Одесса қаласының оңтүстігіндегі теңізде әскери жүк тасымалдаған үш құрғақ жүк кемесі де нысанаға алынған. Шабуыл кезінде жоғары дәлдіктегі құрлықтан атылатын қару-жарақ пен алыс қашықтыққа ұшатын ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған.























