Пәкістанда жолаушылар пойызы рельстен шығып кетіп, салдарынан 5 адам қаза тауып, 30 адам жарақат алды.
«Dawn» газетінің хабарлауынша, Пешавар қаласына бағыт алған жолаушылар пойызы Мултан аймағындағы теміржол станциясының маңында әзірге белгісіз себеппен рельстен шығып кеткен.
Пәкістан темір жолы мекемесінің баспасөз хатшысы басылымға берген мәлімдемесінде апат салдарынан 5 адамның қаза тапқанын, 30-дан астам адамның жарақат алғанын хабарлады.
Пойыз машинисі Ризван Аббас апат кезінде жолаушылар пойызы сағатына 100 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқанын айтты.
«Geo News» телеарнасының мәліметінше, құтқарушылар пойыздың 13 вагонындағы жолаушылар қауіпсіз жерге шығарылғанын, ал тағы бір вагонда құтқару жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф жарақат алған жолаушылардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, құтқару жұмыстарын жеделдетуді және зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Елде соңғы бір жылда бірнеше теміржол апатының орын алуы пойыздар мен теміржол желілеріне техникалық қызмет көрсету ісіндегі салғырттық пен Пәкістан темір жолы жүйесіндегі құрылымдық мәселелерге қатысты алаңдаушылықты күшейтті.






















