Саясат, экономика және әлеуметтік зерттеулер қоры (SETA) сәрсенбі күні Анкара қаласында Түркия мен Индонезия арасында серіктестік форумын ұйымдастырды. Форум барысында екіжақты қатынастар мен аймақтық мәселелер талқыланды.
Түркия мен Индонезия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған форум екі сессиядан тұрды және оған екі елден келген дипломаттар, ғалымдар мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Түркия Сауда министрінің орынбасары Мустафа Тузджу ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде бұл форумның екі ел арасындағы дамып келе жатқан байланыстың «бетбұрыс кезеңі» болатынын атап өтті.
Тузджу жаһандық экономикадағы өзгерістерге қарамастан, Түркия мен Индонезияның «G20» мүшесі ретінде жоғары төзімділік танытып, өсім қарқынын сақтап келе жатқанын мәлімдеді.
Ол сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына мүше ең ірі экономика ретінде Индонезияның өңірлік орталыққа айналу жолында алға ілгерілеп келе жатқанын айтты.
«Стратегиялық серіктестер»
Индонезияның Стамбулдағы Бас консулы Дарианто Харсоно 2050 жылға дейін жасыл энергия, цифрлық трансформация және автоматтандырудың маңыздылығының арта түсетініне назар аударып, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықтың Түркия мен Индонезия арасындағы қатынастарда шешуші бағытқа айналатынын атап өтті.
Харсононың айтуынша, екі ел арасындағы серіктестік Индонезияның табиғи ресурстарға бай әлеуеті мен Түркияның технологиялық мүмкіндіктерін біріктіру арқылы одан әрі күшеюде. Сондай-ақ ол Түркия мен Индонезияның Жаһандық Оңтүстік елдері ретінде инновацияны дамытуда ортақ жауапкершілікте екенін айтты.
«Екіжақты және салалық қатынастар» атты отырысқа Түркия Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты саяси істер жөніндегі бас директорының орынбасары Қорқыт Гүнген, «Synergy Policies» атқарушы директоры Динна Прапто Рахарджа және Индонезия Қорғаныс университетінің профессоры Анак Агунг Баню Первита қатысты.
Гүнген Түркия мен Индонезияны «G20» және Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді көпжақты платформаларда тығыз әріптестік орнатқан екі дос әрі стратегиялық серіктес ретінде сипаттады.
Жоғары деңгейдегі механизмдер
Соңғы ресми сапарлардың маңыздылығына назар аударған Гүнген биыл ақпан айында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Джакартаға жасаған сапарын және сәуір айында Индонезия президенті Прабово Субиантоның Анкараға ресми сапарын еске салды.
Гүнген: «Индонезия теңіз жолдарының орталығында орналасқан. Біздің мақсатымыз - Индонезияның Түркия үшін одан да қуатты диалогтық әріптеске айналуы»,-деді.
Ол экономика мен қорғаныс сияқты түрлі салаларда екіжақты қатынастардың тереңдей түскенін атап өтіп, биыл Түркияның Индонезиядағы қорғаныс көрмесіне 25 компаниямен қатысқанын еске салды. Гүнген сөзін жалғастырып, «Географиялық тұрғыдан алыста болсақ та, біздің құндылықтарымыз ортақ, ал тарихтарымыз ортақ идеялар мен мақсаттар негізінде қалыптасты. Өзара сенім мен достық дипломатиядан да жоғары», – деді.
Динна Прапто Рахарджа жүргізген зерттеулеріне сүйене отырып, Түркия мен Индонезияның географиялық айырмашылығына қарамастан, «Екі ел халқы да ашық ойлы, ынтымақтасуға бейім және коммуникацияда белсенді», – деп атап өтті.
Профессор Анак Агунг Баню Первита Түркия мен Индонезияның жаңа жоғары деңгейдегі дипломатиялық қатынастарды дамытуға әлеуеті бар екенін және екіжақты қатынастарда әскери жаңғырудың жоспарға айналғанын айтты.