Түркия Сириядан әскерлердің шығарылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Түркия 2016 жылдан бері терроризмге қарсы «Бейбітшілік бұлағы» операциясымен қатар бірқатар табысты операция жүргізіп, аймақта террор дәлізінің құрылуына жол бермеді.
Түркия Республикасының Ұлттық Қорғаныс министрлігі түрік әскерінің Сирияның солтүстігінде Түркия шекарасына жақын әскери бекеттерден шығарылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Министрлік дереккөздері бейсенбі күні «Түрік Қарулы күштерінің «Бейбітшілік бұлағы» аймағындағы кейбір бекеттерден шыққаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Түрік Қарулы күштері аймақта Сирия үкіметімен үйлесімді түрде қызметін жалғастырып жатыр», - деді.
Министрлік сондай-ақ әдейі таратылған жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми мәлімдемелерге назар аударуға шақырды.
Түркия Сирияның солтүстігінде 2016 жылдан бері «Фырат қалқаны» (2016), «Зәйтүн бұтағы» (2018) және «Бейбітшілік бұлағы» (2019) сияқты терроризмге қарсы бірнеше операция жүргізді. Мақсат ˗ террор дәлізінің құрылуына жол бермеу және тұрғындардың өңірде қауіпсіз, әрі тыныш өмір сүруін қамтамасыз ету.
«Бейбітшілік бұлағы» операциясы 2019 жылдың қазан айында Сирияның солтүстігіндегі PKK/YPG күштерін залалсыздандыру мақсатында басталды.
Түркия Түркия-Сирия шекарасынан бастап Сирия аумағындағы М4 тасжолына дейін, шекараға параллель 30 шақырымдық қауіпсіз аймақ құруды көздеді.
АҚШ бұрын YPG-ні ДАИШ-ке қарсы күрес үшін қаруландырғанына қарамастан, Түркия операциясы алдында Сирияның солтүстігіндегі әскерін шығаруға келісті.
YPG ұйымы PKK террористік ұйымының Сириядағы тармағы. YPG Асад режимі күйрегеннен кейін аймақтық тұрақсыздықты пайдаланып, Түркия шекарасында террор дәлізін құруға тырысты.