Түркияның қорғаныс өнеркәсібі әзірлеген жаңа буын оқу-жаттығу ұшағы «HÜRKUŞ-II» қарулы күштер құрамына қабылданбақ. Бұл – елдің қорғаныс өнеркәсібі үшін маңызды кезең.
Түркия президенті Әкімшілігі жанындағы Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халюк Гөргүн мен Әуе күштерінің қолбасшысы, генерал Рафет Далкыран «HÜRKUŞ-II» және «HÜRJET» ұлттық әуе платформаларының сынақ ұшуларына қатысты.
Гөргүн әлеуметтік желідегі жазбасында ұлттық авиацияның екі маңызды платформасымен көкке көтерілгендерін мәлімдеді.
Оның айтуынша, олар Әуе күштерінің қолбасшысы Рафет Далкыранмен бірге «HÜRKUŞ-II» және «HÜRJET» ұшақтарының кабинасына отырып, сынақ ұшуын орындаған.
«Ұшақтың кабинасына отырған кезде жобалау кезеңінен бастап өндіріс желісіне, сынақтан ұшуға дейінгі орасан еңбекті тереңірек сезінесіз. Енді осы еңбектің тағы бір нәтижесін көргелі отырмыз. Алғашқы «HÜRKUŞ-II» ұшақтарын жақын арада Әуе күштері қолбасшылығына тапсырамыз. Президентіміз Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен осы жетістікке үлес қосқан Ұлттық қорғаныс министрлігіне, «TUSAŞ» компаниясына, Әуе күштері қолбасшылығына, барлық мердігер компанияға, инженерлерге, техниктерге және әріптестерімізге алғыс айтамын», – деді Гөргүн.
«HÜRKUŞ-II» ұшағының сынақ ұшуына қатысты жариялаған видеода Гөргүн бұл ұшуларды атқарылған жұмыстарға өз үлестерін қосу мақсатында жүзеге асырғандарын айтты.
Халюк Гөргүн: «Түркия алғаш рет отандық ұшағын өз Әуе күштеріне тапсырып отыр. Бұл біз үшін өте маңызды. Бүгін соңғы сынақтар өткізілді. Осы сынақтарға қатысу – біз үшін үлкен мақтаныш», – деді.
Ал генерал Рафет Далкыран: «Түркия Әуе күштерінің қолбасшысы ретінде өз елімізде жасалған ұшақпен ұшудан асқан мақтаныш жоқ», – деді.
«HÜRKUŞ-II» ұшағының сынағынан кейін Гөргүн: «Сынақтан өтті ғой, қолбасшым? Бүгін қабылдау рәсімін аяқтадық», – дегенде, Далкыран: «Керемет. Болды», – деп жауап берді.
«HÜRJET» отандық радар мүмкіндіктерін көрсетті
Гөргүн мен Далкыран «HÜRJET» ұшағының сынақ ұшуына да қатысты. Осы ұшу барысында ұшақ Түркияда отандық негізде әзірленген радар жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетті.
Сынақ кезінде «HÜRJET P2» «ASELSAN» әзірлеген «MURAD» белсенді электронды сканерлеу антенналық торы бар («AESA») радарын пайдаланып, «HÜRJET P1» ұшағын анықтап, нысанаға алды.
Гөргүн Түркия Әуе күштерінің жеке құрамы алдымен «HÜRKUŞ» ұшағында бастапқы даярлықтан өтетінін, одан кейін тереңдетілген дайындық үшін «HÜRJET»-ке көшетінін айтты.
Гөргүн жариялаған видеода ұшудың маңызын былай жеткізді: «Бүгін Әуе күштерінің қолбасшысымен бірге жұптасып ұшу біз үшін аса маңызды болды. Қолбасшымыз басқарған, «ASELSAN» әзірлеген «AESA» радары орнатылған «HÜRJET» белгілі бір қашықтықтан біз ұшып келе жатқан «HÜRJET»-ті анықтап, нысанаға алды. Мұндай жағдай алғаш рет жүзеге асты. Осы сәтті өз көзімізбен көру, тарихи оқиғаға куә болу және бүкіл командамызбен, білікті мамандарымызбен бірге осы жолда еңбек ету – біз үшін өте құнды. Үлес қосқан баршаға алғыс айтамын. Бұл жетістік елімізге құт-береке әкелсін».























