Парниктік газдардың жоғары шығарындыларымен қатар соғыстар мен инфляция сияқты климаттық әрекеттерді тасада қалдыру қаупі бар жаһандық сын-қатерлер жалғасып жатқан тұста 200-ге жуық елдің өкілдері COP31 климаттық саммиті үшін Түркияның Анталия қаласына жиналды.
Әлем көшбасшылары жойқын су тасқындары, аномалды ыстық толқындары мен басқа да климаттық апаттар болған жылдан кейін жаһандық жылынуды ауыздықтайтын нақты қадамдарды келісу мақсатында сәрсенбі күні ресми келіссөздерді бастайды.

Келіссөз жүргізушілер жаһандық энергия тұтынудағы электр энергиясының үлесін арттыратын және қазба отындарынан арылу процесіндегі күш-жігерді жандандыратын жол картасын әзірлеуде.
Сөз сөйлейді деп күтіліп отырған тұлғалардың қатарында өз елінде өткен жыл климаттық конференцияны өткізгенінен кейін қазан айының соңында қайта сайланған Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва, Еуропалық Комиссия Төрағасы Урсула фон дер Ляйен, Қытай Мемлекет басшысының орынбасары Хань Чжэн және Маршалл Аралдарының президенті Хильда Хайн бар.
АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы, әрі бұрынғы президенттік климат арнайы өкілі Джон Керри: «Бұдан былай құр сөз емес, нақты жоспарлар қажет», – деп атап өтті.
Соғыс жағдайы бензин, мұнай және тыңайтқыштар немесе пестицидтер сияқты мұнай өнімдерінің жаһандық бағасын көтеріп, үкіметтерді энергетикалық саясатты қайта қарауға және жел немесе күн энергиясы сияқты жаңартылатын дереккөздерге инвестиция салуға мәжбүр етті.

COP31 Президенті, Түркияның Қоршаған орта, қала құрылысы және климат өзгерісі министрі Мурат Курум конференцияның климаттық әрекеттер күн тәртібі 2035 жылға қарай шығарындыларды 25-30 пайызға азайтуды мақсат ететінін білдірді. Курум климаттық міндеттемелер орындалмаған жағдайда, бүкіл әлемде су тасқыны, орман өрттері мен дауыл сияқты төтенше ауа райы құбылыстары бұдан да өрши түсетінін ескертті.
Қаржыландыру мәселесіне тоқталған Африка келіссөз жүргізушілер тобының төрағасы Антви-Боасиако Амоа Анталиядағы COP31 баспасөз мәслихатында бай елдердің әскери операциялар мен энергетикалық қауіпсіздік үшін бір түнде қаржы таба алатынын, бірақ климаттық әрекеттерге дәл мұндай басымдық бермейтінін жеткізді.
Дамыған елдерді климаттық қаржыландыру міндеттемелерін орындауға шақырған Амоа: «Түсінгеніміздей, ақша бар, бірақ климат үшін ақша жоқ. Айырмашылық осында, өйткені олар әскери килігулерге келгенде қаржыны бір түнде-ақ тауып береді», – деді.






















