Нетаньяху Иранға қарсы соғысты қарқынды түрде  жалғастыратынын мәлімдеді

«Иран режимін жою және басқа да көптеген мақсатқа жету үшін жүйелі жоспарымыз бар» деген Нетаньяху шабуылдардың жалғасатынын мәлімдеді.

By
Нетаньяху Иранға қарсы соғысты қарқынды түрде жалғастыратынын мәлімдеді / AP

Нетаньяху Израильдің Иранға қарсы жүргізіп жатқан соғысын қарқынды түрде жалғастыратынын айтты және Америка Құрама Штаттарымен бірге бір аптадан бері жалғасып жатқан шабуылдардан кейін Тегеран әуе кеңістігін толық бақылауға алғандарын мәлімдеді.

Нетаньяху жексенбі күні теледидар арқылы жасаған үндеуінде: «Иран режимін жою және басқа да көптеген мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі жоспарымыз бар», - деді.

«Отандастар, жеңіске жеткенге дейін қақтығысты жалғастыруды талап еттіңіз. Алғыс айтамын. Біз бар күшімізбен қақтығысты жалғастырамыз», - деді ол.

Нетаньяху израильдік және америкалық ұшқыштар жүргізіп жатқан бомбалау науқанының арқасында Тегеран әуе кеңістігін толық бақылауға алғандарын айтты.

Таяу Шығыстағы жағдай түбегейлі өзгерді

Нетаньяху Иран халқына үн қатып, «ақиқат сәтінің» жақындап қалғанын айтты.

Ол: «Израиль 7 қазан оқиғаларынан кейін уәде еткендей Таяу Шығыстың келбетін өзгертті және сонымен қатар өзін де өзгертті», – деді.

Нетаньяху Израильдің жауларын жою үшін тәуекелге толы шешімдер қабылдағанын да алға тартты.

28 ақпаннан бері Израиль мен АҚШ Иранға қарсы шабуыл жүргізуде. Бұл шабуылдарда Иранның рухани көсемі Әли Хаменей мен бірқатаржоғары лауазымды тұлға, жүздеген адам қаза тапты.

Тегеран бұған жауап ретінде Израильге қарсы көптеген зымыран және ұшқышсыз әуе аппараттары арқылы шабуыл жасады.

Қарымта шабуыл ретінде Иран Парсы шығанағы елдері мен Иорданиядағы американың әскери базаларын зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен нысанаға алды.