АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі федералдық үкіметтің көші-қон саясатын қатаңдату шаралары аясында Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы 300 мыңнан астам визаның күшін жойғанын хабарлады.
Бұл көрсеткіш соңғы апталарда визалардың күшін жою қарқыны артқанын көрсетеді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті 10 тамызда жариялаған мәліметке сәйкес, Трамптың 2025 жылғы қаңтарда басталған екінші президенттік мерзімінен бері 175 мыңнан астам визаның күші жойылған болатын.
Трамп әкімшілігі көші-қонға бақылауды күшейту мен елден депортациялау шаралары ішкі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғанын алға тартады.
Ал құқық қорғаушылар бұл шаралар заңда белгіленген құқықтық рәсімдер мен сөз бостандығы құқығын бұзып, әсіресе этникалық азшылықтар үшін қауіпті орта қалыптастыратынын мәлімдеді. Азшылық топтарының өкілдері мұндай саясат адамдарды нәсілдік белгісіне қарай негізсіз бақылауға және тіркеуге алуға әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Томми Пиготт “X” әлеуметтік желісіндегі парақшасында Трамп әкімшілігі «АҚШ тарихындағы кез келген басқа әкімшілікке қарағанда әлдеқайда көп визаның күшін әлдеқайда қысқа мерзімде жойғанын» мәлімдеді.
Пиготт Трамп әкімшілігінің АҚШ-та визамен жүрген, заң бұзған, алаяқтық жасаған немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген шетелдіктерге қатысты қатаң саясат ұстанатынын атап өтті.
Трамп 2024 жылғы сайлау науқаны кезінде заңсыз көші-қонды тоқтатуға уәде берген еді. Алайда АҚШ үкіметі заңды көші-қон рәсімдерін де қиындатты. Атап айтқанда, жұмыс визаларының кейбір санаттары үшін төленетін алым мөлшері едәуір артты.
“Associated Press” агенттігі танысқан АҚШ Мемлекеттік департаментінің құжаттарына сәйкес, департамент 2016–2026 жылдары берілген B1 және B2 санатындағы визалардың күшін бұрын баспана сұраған немесе қазір баспана алуға өтініш беріп жүрген адамдар үшін жоюды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік департамент бұл шараны АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігімен бірлесіп жүзеге асырады.

























