Қытай басшысы жыл соңына қарай АҚШ-қа сапарлайды
Жоспарланған кездесу әлемнің ең ірі екі экономикасы Вашингтон мен Бейжіңнің сауда шиеленісін талқылауға күш салып жатқанын көрсетеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай мемлекетінің басшысы Си Цзиньпинді жыл соңына қарай Ақ Үйде қабылдайтынын мәлімдеді.
Трамп бұл туралы сәрсенбі күні «NBC News» арнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Сол күні ол Си Цзиньпинмен телефон арқылы сауда, Тайвань, Украинадағы соғыс және Иран мәселелерін талқылаған.
Жоспарға сәйкес, Трамп сәуір айында Қытайға, ал Си Цзиньпин жыл соңында АҚШ-қа сапарлай барады.
Жексенбі күні жарияланған сұхбатта Трамп: «Си жыл соңына қарай Ақ Үйге сапарлай келеді. Біз әлемдегі ең мықты екі елміз және қарым-қатынасымыз өте жақсы», - деді.
Трамп Ақ Үйге қайта оралғалы бері болат, автокөлік және басқа да өнімдерге салынатын салалық баж салығын, сондай-ақ түрлі саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін кең ауқымды тарифтік шаралар қабылдап, кедендік саясатта белсенді қадам басып келеді.
«Керемет»
Ақ Үй өткен жылы Бейжіңмен сауда мәселелері бойынша шиеленістен кейін кең ауқымды бітімге қол жеткізді.
АҚШ-тың Қытай өндірісіне тәуелділігін азайтуға бағытталған қадамдарына қарамастан, екі ел экономикалары әлі де бір-бірімен тығыз байланыста.
Си Цзиньпин АҚШ-қа соңғы рет 2023 жылы барған. Сәрсенбі күнгі телефон әңгімесі барысында ол Трампты Қытай өз аумағының бір бөлігі деп санайтын автономиялық Тайваньға қару сату мәселесінде сақ болуға шақырды.
Қытай басшысы сондай-ақ сауда дауларын қоса алғанда, екіжақты мәселелерді Бейжің мен Вашингтон арасында шешуге болатынына үміт білдірді.
«Мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, өзара сенімді нығайтып, екі елдің жақсы қарым-қатынаста болуына дұрыс жол қалыптастыра аламыз», - деді Си. Ал Трамп Симен өткен келіссөзді «керемет» деп атап, осы бағыттың қаншалықты маңызды екенін түсінетінін айтты.
Ал жұма күні АҚШ Ресей және Қытайды ядролық қаруға жаңа шектеулер енгізу жөнінде үшжақты келіссөз жүргізуге шақырды. Алайда Бейжің қарусыздану жөніндегі келіссөздерге қатысудан бас тартты.