Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Түркі Мемлекеттері Ұйымының 13-ші саммитіне орай жазған мақаласы ұйымға мүше және бақылаушы елдердің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. «Түркі әлемінің ғасыры: Ынтымақтастықтан интеграцияға» атты мақала Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Түрікменстан және Мажарстанда бір күнде жарық көрді.
Анкарада өтетін саммит қарсаңында жарияланған мақаласын «Түркі әлемінің бірлігі – ортақ тарихымыздан мұраға қалған бай мұрамыз бен ортақ болашағымызды қалыптастыруға деген ерік-жігеріміздің ең айқын көрінісі» деген сөздермен бастаған президент Ердоған бірқатар маңызды мәлімдеме жасады:
«Ғасырлар бойы түрлі аймақта талай сынақтан өткен бауырлас халықтарымызды байланыстырып келген рухани көпірлер бүгінде Түркі Мемлекеттері Ұйымының аясында саяси, гуманитарлық, экономикалық және мәдени ынтымақтастығымыздың берік негізіне айналды. Түркі әлемінің зор әлеуетін ортақ мақсаттарға жұмылдыру, бірлігімізді нақты жетістіктермен нығайту және келер ұрпаққа бұрынғыдан да қуатты түркі әлемін қалдыру – баршамыздың тарихи жауапкершілігіміз».
Ердоған Анкара саммитінің маңызына және Түркияның қабылдайтын төрағалығына да тоқталды.
«Анкарада «Түркі ғасыры: Тілде, ойда, істе бірлік» тақырыбымен өткізетін Түркі Мемлекеттері Ұйымының 13-ші саммитін осы ортақ ерік-жігерімізді одан әрі нығайтатын маңызды басқосу деп санаймын. Саммит барысында бауырлас Әзербайжаннан қабылдап алатын кезекті төрағалықты түркі әлемінің ортақ мақсаттарына қол жеткізу және ұйымымыздың институционалдық әлеуетін арттыру жолындағы тарихи жауапкершілік деп бағалаймын», – деді ол.
«Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы стратегиялық қажеттілікке айналды»
Әлемдік саясаттағы өзгерістер мен түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың маңызына назар аударған Түркия президенті былай деді:
«Әлемдік саясат түбегейлі өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Халықаралық жүйе әділдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болып, соғыстар мен дағдарыстар кең ауқымды аймақтарға әсер етіп отырған кезеңде түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы стратегиялық қажеттілікке айналды. Ортақ мақсат жолында біріккен түркі мемлекеттері ең күрделі сынақтарды еңсеруге және өз болашағын өзі айқындауға қауқарлы. Түркі әлемі бірлігінің негізі – әрбір бауырлас елдің егемендігіне, тәуелсіздігіне және ұлттық ерік-жігеріне деген құрмет. Бұл бірлік ортақ құндылықтармен қатар өзара сенім мен мүдделерге де негізделеді».
«Түркі әлемінің экономикалық интеграциясы негізгі басымдықтардың бірі»
Мақаласында түркі әлемінің экономикалық интеграциясының маңызын атап өткен президент Ердоған Каспий арқылы өтетін Шығыс-Батыс Орта дәлізінің мүмкіндіктеріне тоқталды:
«Түркі әлемінің экономикалық интеграциясы – ұйымымыз алдағы кезеңде ерекше назар аударуы тиіс негізгі басымдықтардың бірі. Бұл тұрғыда Каспий арқылы өтетін Шығыс-Батыс Орта дәлізі тарихи мүмкіндік ұсынып отыр. Азия мен Еуропа арасындағы сауда қатынастары қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезеңде түркі елдері жаһандық көлік және логистика желілерінің маңызды орталықтарының біріне айнала алады. Біз теміржолдар, порттар, автомобиль жолдары арқылы байланыстарымызды және кеден жүйелерімізді бірін-бірі толықтыратын тұтас жүйе ретінде дамытып келеміз. Каспийдің екі жағалауын байланыстыратын әрбір инвестиция бауырлас елдеріміз арасындағы сауда көлемін арттырып, ортақ әл-ауқатымыздың өсуіне үлес қосады».
«Кипр түріктерімен ынтымақтастығымызды жалғастырамыз»
Президент Ердоған мақаласында Кипр түріктерінің құқықтарын қорғау және олардың Түркі Мемлекеттері Ұйымымен байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды:
«Осы терең тамырлы өркениеттің бізге жүктеген жауапкершілігі – қандай жағдайда да бауырластығымызды сақтап, бір-біріміздің құқықтарымыз бен заңды мүдделерімізді қорғау. Осы ұстаным негізінде түркі әлемінің ажырамас бөлігі саналатын Кипр түріктерімен ынтымақтастығымызды жалғастырып келеміз. Солтүстік Кипр Түрік Республикасының ұйымымыздағы бақылаушы мәртебесі беретін мүмкіндіктерді кеңейтуге және оның бауырлас елдермен байланыстарын нығайтуға ерекше мән береміз. Кипр түріктеріне қатысты әділетсіз оқшаулау шараларын тоқтату, олардың егемендік теңдігі мен тең халықаралық мәртебесін мойындату жолындағы табанды ұстанымымызды сақтаймыз.
Түркі Мемлекеттері Ұйымының нығаюы ортақ географиялық кеңістігімізде бейбітшілік пен өзара сенімді күшейтуге де ықпал етеді. Ұйымымыз ынтымақтастық пен өзара қолдауға негізделген ұстанымы арқылы аймақтық және жаһандық тұрақтылыққа үлес қосуды жалғастырады».
«ХХІ ғасыр түркі әлемінің ғасыры болатынына шын жүректен сенемін»
Президент Ердоған мақаласын мына сөздермен аяқтады: «ХХІ ғасырдың «Түркі әлемінің ғасыры» болатынына шын жүректен сенемін. Анкарадағы саммит осы мақсатқа жету жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, ұйымымыздың халықаралық аренадағы ықпалын арттырады және бауырлас елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтады. Ғасырлар бойы жүрегімізде сақтап келген бірлік мұратын нақты әрі ұзақ мерзімді жетістіктермен бекемдеу және келер ұрпаққа барлық жағынан әлдеқайда қуатты түркі әлемін мұра етіп қалдыру – біздің ең басты міндетіміз».





















