Түркия Израильді айыптады

Израильдің соңғы 24 сағат ішінде Газаның түрлі аймақтарына жасаған шабуылынан 37 палестиналық қаза тапты.

By
Түркия Израильді айыптады / AA

Түркия Сыртқы істер министрлігі Израильдің Газаға бағытталған шабуылдарын және атысты тоқтату режимін бұзуын қатаң айыптап, бұл әрекеттердің аймақта тыныштық пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге бағытталған халықаралық күш-жігерге қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Министрлік сенбі күні Түркияның «Nsosyal» әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде «Израильдің бүгін Газаға жасаған шабуылдарын және атысты тоқтату режимін үнемі бұзуын қатаң айыптаймыз»,- деді.

Мәлімдемеде шабуылдардың Газадағы бейбітшілік үдерісі жаңа кезеңге қадам басқан кезде жасалғаны атап көрсетіліп, бұл әрекеттердің аймақта тыныштық пен тұрақтылық орнатуға бағытталған халықаралық күш-жігерге қауіп төндіретіні айтылды. Сондай-ақ Израильдің аймақта бейбітшілік орнатуды қаламайтынын тағы бір мәрте көрсеткені айтылды.

Министрлік БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерімен қабылданған Бейбітшілік жоспарының барлық ережелерінің, ең алдымен атысты тоқтатудың сақталуы мен Газаға гуманитарлық көмектің үздіксіз жеткізілуі Израиль тарапынан орындалуы тиіс екенін қайталады.

Мәлімдемеде халықаралық қауымдастықтың бейбітшілік үдерісін ілгерілетудегі жауапкершілігінің маңызы атап өтілді.

Қазан айының басында атысты тоқтату келісімі күшіне енгеннен бері Израиль шабуылдары салдарынан 524-тен астам палестиналық қаза тапты.

Соңғы 24 сағат ішінде Газаның түрлі өңірлерінде Израиль шабуылынан 37 палестиналық қаза тапты.