АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей-Украина соғысын аяқтау үшін әзірлеген 28 тармақтан тұратын жобасы Киевтегі ресми тұлғаларға ұсынылды. Вашингтон мен Мәскеу бірлесіп дайындаған бұл жоба Украинаның белгілі бір аумақтарынан және НАТО-ға қосылудан бас тартуын көздейді. Ал Ресей үшін әлдеқайда қолайлы жағдай ұсынады.
Трамп ұсынған бейбіт келісім жобасындағы негізгі талаптар:
1. Украинаның егемендігі қайта расталады;
2. Ресей, Украина және Еуропа арасында шабуыл жасамау туралы ауқымды келісім жасалады;
3.Ресейдің көрші елдерге шабуыл жасамайтыны, ал НАТО-ның бұдан әрі кеңеймейтіні қарастырылған;
4. Әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ынтымақтастықты күшейту және болашақтағы экономикалық даму мүмкіндіктерін арттыру үшін барлық қауіпсіздік мәселелерін шешу және жағдайды бәсеңдету мақсатында АҚШ-тың араағайындығымен Ресей мен НАТО арасында диалог жүргізіледі;
5. Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері ұсынылады;
6. Украина Қарулы күштерінің саны 600 мың әскермен шектеледі;
7. Украина Конституциясына НАТО-ға қосылмайтыны туралы бап енгізуге келіседі, ал НАТО өз жарғысына Украинаның болашақта қабылданбайтыны жөнінде ереже қосуды мақұлдайды;
8. НАТО Украина аумағына әскер кіргізбеуге келіседі;
9. Еуропаға тиесілі жойғыш ұшақтар Польшаға орналастырылады;
10. АҚШ төмендегілерді кепіл етеді:
· АҚШ көрсетілген кепілдіктер үшін өтемақы алады.
Украина Ресейге шабуыл жасаса, бұл кепілдіктен айырылады;
· Егер Ресей Украинаға басып кірсе, оған қатаң әскери жауап беріліп, Ресейге қарсы санкциялар қайта енгізіледі. Жаңа аумақтарды тану және осы келісім бойынша берілген барлық мүмкіндіктер жойылады;
· Егер Украина Мәскеуге немесе Санкт-Петербургке себепсіз зымыран ұшырса, қауіпсіздік кепілдігінің күші жойылады;
11. Украина ЕО мүшелігіне лайықты ел ретінде танылады және бұл мәселе қарастырылғаннан кейін Еуропа нарығына қысқа мерзімде қол жеткізуі қамтамасыз етіледі;
12. Украинаны қалпына келтіру үшін жаһандық ауқымда пакет әзірленеді;
13. Ресей жаһандық экономикаға қайта ықпалдастырылады:
· Санкцияларды алып тастау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады;
· Америка Құрама Штаттары энергетика, табиғи ресурстар, инфрақұрылым, жасанды интеллект, дерек орталықтары, Поляр аймақтарында сирек кездесетін жер элементтерін өндіру жобалары және өзара тиімді өзге де корпоративтік мүмкіндіктер салаларында ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы келісім жасайды.
· Ресей «G8» құрамына қайта шақырылады;
14. Бұғатталған активтер қайта қарастырылады;
15. Осы келісім ережелерінің орындалуын қолдау және қамтамасыз ету үшін АҚШ пен Ресей арасында бірлескен қауіпсіздік жұмыс тобы құрылады;
16. Бұл келісімнің барлық ережелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін АҚШ пен Ресей арасында бірлескен қауіпсіздік жұмыс тобы құрылатын болады;
17. Ресей Еуропа мен Украинаға қатысты шабуыл жасамау саясатын заң жүзінде бекітеді;
18. АҚШ пен Ресей ядролық қарудың таралмауы мен оны бақылауға қатысты келісімдердің, соның ішінде «START I» шартының мерзімін ұзарту жөнінде келісімге келеді;
19. Украина Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сәйкес ядролық қаруы жоқ мемлекет мәртебесін сақтауға келіседі;
20. Запорожье атом электр станциясы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бақылауымен жұмыс істейді, ал өндірілген электр қуаты Ресей мен Украинаға тең (50:50) бөлінеді;
20. Екі ел де қоғамда әртүрлі мәдениетке қарсы толеренттылықты арттыру және нәсілшілдік пен алалаушылықты жою үшін мектептерде оқу бағдарламасын енгізуге міндетті;
21. Аймақтарға қатысты ережелер:
· Қырым, Луганск және Донецк Ресейге тиесілі аумақ ретінде танылады;
· Ресей өз бақылауындағы және келісілген бес аймақтан басқа аумақтардың барлығынан бас тартады;
· Украина армиясы қазіргі уақытта бақылауда ұстап тұрған Донецк облысының бір бөлігінен шығады. Бұл аймақ халықаралық деңгейде Ресей Федерациясының аумағы ретінде танылатын бейтарап, қарусыздандырылған буферлік аймақ деп жарияланады. Ресей армиясы бұл аймаққа кірмейді;
22. Болашақ аумақтық келісімдер бойынша келісімге қол жеткізілгеннен кейін, Ресей Федерациясы да, Украина да оларды өзгертпейді. Бұл міндеттеме бұзылған жағдайда ешқандай қауіпсіздік кепілдіктері қолданылмайды;
23. Ресей Украинаға Днепр өзенін коммерциялық мақсатта пайдалануға кедергі келтірмейді, ал Қаратеңіз арқылы астықты еркін тасымалдауға қатысты келісімдер жасалады;
24. Шешілмеген мәселелерді талқылау үшін гуманитарлық комитет құрылады;
25. Украина 100 күн ішінде сайлау өткізеді;
26. Тараптар соғыс кезіндегі әрекеттері үшін толық кешірім алады және болашақта ешқандай талап немесе шағым жасамауға келіседі;
27. Бұл келісім заңды құжат болады. Оның орындалуын АҚШ президенті Дональд Трамп басқаратын Бейбітшілік Кеңесі бақылайды. Келісім бұзылған жағдайда санкция енгізіледі;
28. Тараптар бұл келісімге ресми түрде келіскен сәттен бастап атысты дереу тоқтату режимі күшіне енеді.











