Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан, жасы шамамен 12 мың жылға таяған Гөбеклитепе археологиялық кешені келушілер санының артуымен қатар әлемдік деңгейде үлкен қызығушылыққа ие болып отыр.
Әлемдегі ең көне ғибадатхана ретінде танылған Гөбеклитепе 2018 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілгеннен бері өткен сегіз жыл ішінде 4,4 миллионнан астам келушіні қабылдады.
Археологиялық кешен Түркияның оңтүстік-шығысындағы Шанлыурфа қаласынан шамамен 18 шақырым жерде, Өренжик елді мекенінің маңында орналасқан. Тарихы шамамен 12 мың жыл бұрынғы неолит дәуірінен бастау алады.
Бұл аумаққа алғаш рет 1960-жылдардағы жерүсті зерттеулері кезінде назар аударылған. Ал 1986 жылы жергілікті шаруа қашалып жасалған мүсінді кездейсоқ тауып алған. 1995 жылы басталған жүйелі археологиялық қазба жұмыстары барысында биіктігі 6 метрге, салмағы 54 тоннаға дейін жететін, беттері жануарлардың бедерлі бейнелерімен безендірілген, «Т» пішіндес алып тас бағандар жарыққа шығарылды.
2018 жылдың шілде айында Бахрейнде өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің отырысында ресми түрде бұл жер ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді. Бұл мәртебе ескерткіштің халықаралық танымалдығын едәуір арттырды. Осыған байланысты Түркия 2019 жылды «Гөбеклитепе жылы» деп жариялап, археологиялық кешенді халықаралық деңгейде кеңінен таныту жұмыстарын жүргізді.
COVID-19 пандемиясы мен өңірде болған табиғи апаттар салдарынан келушілер саны уақытша азайғанымен, ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы сегіз жылда кешенге 4 миллион 409 мың 590 адам келген.
Жергілікті туризм саласының өкілдері Гөбеклитепенің Түркияның оңтүстік-шығысындағы өңірлік туризмнің басты қозғаушы күштерінің біріне айналғанын айтады.
Шанлыурфа туризмді дамыту қауымдастығының төрағасы Мехмет Камил Түркменнің айтуынша, ЮНЕСКО мәртебесі шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруда және ескерткіштің халықаралық беделін нығайтуда шешуші рөл атқарды.
Түркменнің мәліметінше, 2018 жылдан бері археологиялық кешенге шамамен 4,5 миллион адам келген. Сондай-ақ қолайсыз ауа райына қарамастан, 2026 жылдың алғашқы жартысында ғана бұл жерді 320 мыңнан астам турист тамашалаған.
Анадолы агенттігіне берген сұхбатында Түркмен:
«Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 1 миллион келушіге қол жеткізе алатынымызды көрсетеді», – деді.
Ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген нысандардың шетелдік туристер үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Егер белгілі бір жерде ЮНЕСКО тізіміне енген тарихи ескерткіш болса, шетелдік туристің көзқарасымен қарағанда, ол міндетті түрде барып көруге тиіс орын саналады», – деді Түркмен.
Сонымен қатар Түркмен өңірдегі Балыклыгөл мен Харран тарихи орындарының ЮНЕСКО-ның үміткерлер тізімінде тұрғанын, ал жақын маңдағы Қарахантепе археологиялық кешенінің болашақта Дүниежүзілік мұралардың тұрақты тізіміне енгізілуі жоспарланғанын білдірді.






















