Көзқарас
МӘДЕНИЕТ
4 минут оқылды
Мысыр мұражайы 5000 жылдық тарихқа есік ашады
Мысыр мұражайы Гиза пирамидаларының жанында ашылады.
Мысыр мұражайы 5000 жылдық тарихқа есік ашады
Мысыр мұражайы 5000 жылдық тарихқа есік ашады
30 Қазан 2025

Мысыр мұражайы жиырма жылдан кейін ақыры өз есігін ашады.

Сенбі күні ресми түрде ашылатын бұл мұражай Мысырдың ежелгі өркениетін көрсетіп, елдің туризм саласын дамытуға бағытталған үкіметтің басты жобаларының бірі болып табылады. Туризм – шетел валютасының негізгі көзі болып табылатын ел үшін маңызды сала.

Каир қаласының шетінде, әйгілі Гиза пирамидаларының жанында орналасқан бұл 1 миллиард долларлық алып нысан әлемдегі бір өркениетке арналған ең үлкен мұражай болуға дайын. Мұнда ежелгі Мысыр өмірін сипаттайтын 50 000-нан астам артефакт қойылған. Салыстыра кетсек, Париждегі Лувр мұражайында шамамен 35 000 жәдігер көрсетілген.

Бұл мұражай – 2014 жылы билікке келгеннен кейін инфрақұрылымға ауқымды инвестиция салуды бастаған президент Абдель-Фаттах әл-Сисидің қолдауымен жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі. Оның мақсаты – ондаған жылдар бойы тоқырауға ұшыраған және 2011 жылғы Араб көктемінен кейінгі тұрақсыздық салдарынан әлсіреген экономиканы қалпына келтіру.

Мұражай құрылысы 2005 жылы басталғанымен, 2011 жылғы көтерілістен кейінгі саяси тұрақсыздық кезінде үш жылға тоқтап қалған. Ашылу салтанаты бірнеше рет кейінге шегерілді, соңғы рет биылғы шілдеде Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты кейінге қалдырылды. Сенбі күнгі ашылу рәсіміне әлемдік көшбасшылардың қатысуы жоспарланды.

Гиза пирамидаларының қасында алып ғимарат

Ирландиялық “Heneghan Peng Architects” фирмасы жобалаған мұражай пирамидаларға ұқсас үшбұрышты шыны қасбетпен ерекшеленеді. Мұражайдың кіреберіс атриумында Мысырдың ең әйгілі перғауындарының бірі Ұлы Рамсестің граниттен жасалған алып мүсіні тұр. 3 200 жылдық, 11 метрлік бұл мүсін бұрын Каирдің басты теміржол станциясы алдындағы көлік кептелісі көп айналма жолда тұрған.

Атриумнан бастап ежелгі мүсіндермен безендірілген алты қабатты баспалдақ негізгі галереяларға және жақын маңдағы пирамидаларға көрініс беретін орынға апарады.

“Мұражай мен пирамидаларды байланыстыратын көпір туристерге жаяу немесе экологиялық таза электр көліктерімен жүруге мүмкіндік береді”, деп хабарлады мұражай өкілдері.

Мұражайда 24,000 шаршы метр тұрақты көрме алаңы, балалар мұражайы, конференция және білім беру орталықтары, сондай-ақ коммерциялық аймақ пен үлкен реставрация орталығы бар. Өткен жылы ашылған 12 негізгі галереяда ежелгі заманнан бастап Рим дәуіріне дейінгі антиквариаттар дәуірлер мен тақырыптар бойынша ұйымдастырылған.

“GEM” деп аталатын мұражайдағы 50 000 жәдігердің көпшілігі Каирдің Тахрир алаңындағы ғасырлық Мысыр мұражайынан көшірілген. Кейбіреулері жақында ежелгі зираттардан, соның ішінде мұражайдан 22 шақырым оңтүстікте орналасқан Саккара некрополінен табылған.

“Көрме залдары заманауи технологиялармен жабдықталған және ежелгі Мысырды жаңа ұрпаққа түсіндіру үшін түрлі шоуларды қоса алғанда мультимедиа презентацияларын ұсынады”, дейді мұражайдың бас директоры Ахмед Гоним. "Біз қазіргі Z ұрпағының тілін қолданамыз," деді ол сұхбатында. "Z ұрпағы біз оқыған ескі белгілерді пайдаланбайды, керісінше технологияны қолданады." деді.

Тутанкамон коллекциясы алғаш рет толық көрсетіледі

Сенбі күнгі ашылу салтанатында Тутанкамон патшаның 5 000 жәдігерден тұратын коллекциясына арналған екі зал ашылады. Бұл коллекция 1922 жылы британдық археолог Говард Картер Луксор қаласында Тутанкамон қабірін тапқаннан бері алғаш рет толық көрсетіледі.

Ескі Мысыр мұражайында қабір қазыналарының барлығын бірден көрсетуге орын жетпеген. Кейбір шедеврлер мұражайдың реставрация орталығында қалпына келтірілді, соның ішінде жас перғауынның үш жерлеу төсегі мен алты арбасы. Олар оның алтын тағы, алтынмен қапталған саркофагы және алтын, кварцит, лапис лазурит және түрлі-түсті шыныдан жасалған жерлеу маскасымен бірге көрсетіледі.

Мұражайдың тағы бір басты жәдігері – Гиза пирамидасын салған перғауын Хуфудың 4 600 жылдық күн қайығы. 43 метрлік ағаш қайық 1950 жылдары табылған және Хуфудың о дүниеде қолдануы үшін Ұлы пирамиданың жанына көмілген. 2021 жылы ол пирамидалар жанындағы көрме орнынан Бельгиядан әкелінген қашықтан басқарылатын көлікпен Мысыр мұражайына көшірілді.

Үкімет мұражай туризмді жандандырады деп үміттенеді

Үкімет мұражай туристерді көбірек тартып, олардың ұзақ уақыт болуын қамтамасыз етеді және Мысыр экономикасын нығайту үшін қажетті шетел валютасын әкеледі деп үміттенеді. Туризм саласы 2011 жылғы Араб көктемінен кейінгі саяси тұрақсыздық пен зорлық-зомбылықтан зардап шекті. Соңғы жылдары бұл сала коронавирус пандемиясы мен Ресей-Украина соғысының әсерінен қалпына келе бастады. Ресей мен Украина – Мысырға келетін туристердің негізгі көзі.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы рекордтық 15.7 миллион турист елге келген, ал үкімет 2032 жылға қарай 30 миллион турист тартуды жоспарлап отыр. Билік мұражай мен пирамидалар айналасындағы бүкіл аймақты жаңартты. Жолдар төселіп, мұражайға жақын жерде метро станциясы салынып жатыр. Каирдің батысында, мұражайдан 40 минуттық жерде орналасқан Сфинкс халықаралық әуежайы да ашылды.

Мұражайды басқаратын “Hassan Allam Holding” компаниясының бас директоры Хассан Аллам “мұражайға күніне 15 000-20 000 турист келеді деп күтілуде” дейді. "Әлем күтіп отыр... Барлығы қуанышты," деді ол.

Іздеу
АҚШ-та түрік симитіне қызығушылық артып келеді
Гөбеклитепе жәдігерлері Германияда арнайы көрмеде көпшілікке ұсынылмақ
Брэд Питт пен Хоакин Феникс Газа туралы фильмнің продюсерлік құрамына енді
Ирландиялық "Fontaines DC" тобы Стамбулдағы алғашқы концертінде Палестинаға қолдау көрсетті
Итамар Бен-Гвир әл-Ақса мешітінде ән айтып, би билеуге рұқсат берді
Түркия Римде  мәдени қазыналарын ұсынады
Қажылыққа өзіммен бірге не алып барамын?
«TRT World» арнасы «Telly-2025» сыйлығын алды
Газалық ақын Мусаб Абу Тоха Пулитцер сыйлығын жеңіп алды
Осман Хамди Бейдің картинасы Лондондағы аукционда 1 миллион фунтқа сатылды
Мысырда 3 500 жылдан астам тарихы бар патшалық қабір табылды
«Айд-е-Гулаби»: Ұлы Моғол империясындағы Холи мерекесі
Әтір сүйгіштерге Париж нұсқаулығы
Гамбург Мосулдың алғашқы жылжымалы кітапханасына шабыт болды
Имам Ғазали мазары құлау алдында тұр
Мысырдағы Хатшепсут ғибадатханасынан жаңа артефактілер табылды
Оксфорд 2024 жылдың « Жыл сөзін» жариялады: «Мидың шіруі»
Лувр мұражайында тарихи жөндеу: «Мона Лизаға» арналған арнайы бөлме
Ислам алтын ғасырының «көпқырлы ғұламасы» — Бируни
Дөнер кәуап түрік иммигранттарының тарихынан сыр шерте ме?