Украина президенті Түркияға келеді
Украина президенті Владимир Зеленский дипломатияны жандандыру келіссөздері үшін Түркияға келеді. Келіссөзге АҚШ өкілі Стив Уиткоффтың да қатысуы күтіледі, бірақ Кремль кездесуге келмейтінін мәлімдеді.
Украина президенті Владимир Зеленский соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөзді жеделдету және тұтқын алмасуын қайта бастауға арналған күш-жігерді ілгерілету мақсатымен Түркияға келуді жоспарлап отырғанын айтты.
Зеленский сейсенбі күні “Telegram”-да жариялаған мәлімдемесінде сәрсенбі күні «бірқатар кездесу» өткізетінін, бірақ Түркияның қай қаласына баратынын немесе кімдермен кездесетінін атап көрсетпеді.
Ол: «Ертең Түркияда келіссөз өтеді. Келіcсөздерді күшейтуге дайындалып жатырмыз және серіктестерімізге ұсынатын шешімдерді әзірледік. Соғысты аяқтау — Украина үшін басты мақсат. Сондай-ақ тұтқын алмасуын және соғыс тұтқындарының оралуын қайта бастау үшін жұмыс істеп жатырмыз», -деді.
Бұдан бөлек АҚШ медиасы АҚШ-тың арнайы өкілі Стивен Уиткоффтың сәрсенбі күні Зеленскиймен өтетін кездесуге қатысу үшін Түркияға баруы күтіліп отырғанын жазды.
Кремль: “Ресей бұл аптадағы келіссөзге қатыспайды”
Сонымен қатар Кремль сейсенбі күні Ресейдің осы аптада Түркияда өтетін кездесулерге қатыспайтынын мәлімдеді.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге: «Жоқ, ертең Түркияда ешбір ресейлік өкіл болмайды. Бұл кездесулер әзірге Ресейдің қатысуынсыз өтуде», - деді.
Песков президент Владимир Путиннің кездесу нәтижелері туралы Түркия немесе АҚШ арқылы ақпарат алуға ашық екенін де айтты.