Палестинада адам құқықтарының бұзылуы Түркияның Анталия қаласында 22–28 қыркүйек аралығында 20-шы Халықаралық сот медицинасы күндерінде талқыланды. Бір апталық іс-шараға 27 елден шамамен 800 сот-медицина сарапшысы, академиктер мен сот өкілдері қатысты.
Сот төрелігін ұйымдастыруды нығайту қорының Анталиядағы Білім беру және әлеуметтік кешенінде ұйымдастырылған конгреске 28 елден сот-медицина мекемелерінің өкілдері, академиктер, жоғарғы деңгейдегі сот өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Жергілікті және халықаралық сарапшылар өз салаларындағы тәжірибелері мен жаңалықтарын ортаға салды. «Әлемде адам құқықтары мен сараптама» тақырыбындағы іс-шарада 24 панель, 164 баяндама жасалды. Олардың ішінде 64-і ауызша, 102-сі көрнекілікпен жасалған баяндама.
Апта бойы бірнеше тақырып қарастырылды. Босния мен Герцеговинадағы Бихач университетінің Жоғалған адамдар институты Бихач кеңсесінің басшысы Муджо Бегич геноцид құрбандарын іздеу, шығару және сәйкестендіру тәжірибесімен бөлісті. Косовалық сот-медицина сарапшысы Дитор Халити Косовадағы жоғалған адамдарды анықтау мәселесі жөнінде сөз сөйледі.
Халықаралық Қызыл Крест комитетінің (ICRC) Сербиядағы Белград делегациясында Еуразия аймақтық сот-медицина бөлімінің жетекшісі Мелахат Элиф Гүнже Ескікөй гуманитарлық құқық аясында комитеттің сот-медицина қызметін таныстырды. Ал Газа Жоғарғы сотының судьясы Әбу Хазим Эшреф Насрулла Газа аймағындағы адам құқықтарының бұзылуы мен сарапшы куәгерлерге тоқталды.
Жаңа технологиялар
Сот-акустика сарапшысы Иван Сипаров жасанды интеллект арқылы жасалған дауыстарды талдау бойынша әдістерді қарастырса, Италиядағы Катания университетінің математика және информатика факультетінің профессоры Себастьяно Баттиато жасанды интеллектпен жасалған бейнелерді бағалау тәсілдерін сөз етті.
Гамбия Сот медицинасы мекемесінің төрағасы Фа Кебба Дарбоэ Гамбияда сот медицина сараптамасының ұйымдастырылуына назар аударды. Сомали полициясының қылмыстық тергеу департаментінің бастығы, полковник Мухудин Ахмед Осман Сомалидің сот сараптамасына тоқталды. АҚШ-тағы Маршалл университетінің Джоан С. Эдвардс медицина факультетінің декан орынбасары, профессор Мохаммед Ранавая АҚШ-тағы жарақат пен мүгедектікке қатысты істердегі алаяқтық, симуляция және әсіреленген талаптарды қарастырды.
Конгресске америкалық сот сараптамасы академиясының президенті Джеймс Луис Карузо, Азиядағы сот ғылымдары желісінің президенті Нор Айдора, Халықаралық сот ғылымдары қауымдастығының президенті Янко Колев, Араб сот ғылымдары және токсикология бірлестігінің төрайымы Дина Шокри және Цюрих университеті Сот медицина институтының директоры Михаэль Талиді қоса алғанда, халықаралық деңгейдегі беделді тұлғалар қатысты.
Сот медицинасы институтының төрағасы және конгресс президенті доктор Хызыр Асылйүксектің айтуынша, бұл шара 1984 жылдан бері өткізіліп келеді, соңғы төрт жиын халықаралық деңгейде ұйымдастырылған. Биыл Біріккен Араб Әмірліктерінің де қосылуымен жалпы қатысушы елдердің саны 27-ге жетіп, барлығы 783 қатысушы сөз сөйледі.
Сот ғылымдары саласындағы әлемдегі ең ауқымды басқосулардың бірі ретінде тарихта қалған конгресс жексенбі күні өткен «Сот медицинасы мамандарының біліктілігін арттыру» атты панельден кейін аяқталды.