Солтүстік Кореяның Білім министрі Ри Ён Чхоль мен Ресейдің Білім министрі Сергей Кравцов білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Солтүстік Кореяның орталық ақпарат агенттігінің (KCNA) хабарлауынша, Пхеньянға ресми сапармен барған Сергей Кравцов солтүстіккореялық әріптесімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі елдің білім беру саласындағы жетістіктері мен тәжірибелері жөнінде пікір алмасып, екіжақты байланыстарды одан әрі дамыту жолдарын қарастырды.
Стратегиялық серіктестік туралы келісім
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның 2023 жылдың қыркүйегінде Ресейдің Шығыс Сібір аймағына жасаған сапары Пхеньян мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашқан болатын.
Араға тоғыз ай салып, Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Кореяға ресми сапармен барды. Сапар барысында екі ел арасында жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Владимир Путин келісімге сәйкес, тараптардың бірі шабуылға ұшыраған жағдайда екіншісі әскери көмек көрсетуге міндетті екенін мәлімдеді.
Ал Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын бұл келісімді «пакт» деп атап, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейдегі одақтастық дәрежесіне көтерілгенін атап өтті.























