Аксёнов әлеуметтік желідегі парақшасында Украина күштерінің Қырым көпіріне тағы да шабуыл жасағанын хабарлап, «Көпір арқылы көлік қозғалысы тоқтатылды», – деп жазды.
Сергей Аксёнов Қырым тұрғындарын көпірді қолданбауға шақырды.
Ресей Тергеу комитеті оқиғаға байланысты «террористік шабуыл» бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
Ресей премьер-министрінің орынбасары Марат Хуснуллин Қырым көпіріне жасалған шабуылдардан кейін үкіметтік комиссиямен жиын өткізді. Жиында көпірге келтірілген зақымды қалпына келтіру мәселелері талқыланды.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеуде журналистерге берген мәлімдемесінде премьер-министрдің орынбасары Марат Хуснуллиннің Ресей президенті Владимир Путинге көпірдегі жағдай туралы ақпарат бергенін айтты.
Бір күн бұрын Украина Қырым көпіріне шабуыл жасап, соның салдарынан көпірге зақым келгені хабарланған еді.
Қырым түбегін Ресей аумағымен байланыстыратын және «Керчь көпірі» деп те аталатын бұл көпірдің стратегиялық маңызы зор.




















