Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Біз Түркия ретінде басқыншылық мақсаттарын көздеп, өңіріміздегі отқа май құйып отырған күштерге қарсы бар мүмкіндігімізді жұмылдырып, қақтығыстарды тоқтату, халықтың қайғы-қасіретін жеңілдету және қантөгісті доғару үшін бар күш-жігерімізді салып келеміз», – деді.
Ердоған Президенттік кешенде өткен үкімет отырысынан кейін халыққа үндеу жасады.
Үкімет отырысында ішкі саясат, экономика, қауіпсіздік және сыртқы саясат салаларындағы өзекті мәселелер талқыланғанын айтқан Ердоған былай деді: «Өңірімізде тұрақсыздық күшейіп, жаңа шиеленіс ошақтары пайда болып жатқан кезеңде біз еліміздің тұрақтылық пен даму жолынан таймауын қамтамасыз етуді жалғастырып келеміз. Әлемдегі қазіргі ахуал алдағы кезеңде Түркия үшін ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызы арта түсетінін көрсетіп отыр. Азаматтарымыздың саяси көзқарасына, шыққан тегіне немесе діни ұстанымына қарамастан, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға біз сияқты жауапкершілікпен қарайтынын білеміз. Халқымызға парасаттылығы үшін алғыс айтамыз. Біз Түркия ретінде басқыншылықты көздеп, өңіріміздегі отқа май құйып отырған күштерге қарсы бар мүмкіндігімізді жұмылдырып, қақтығыстарды тоқтату, халықтың қайғы-қасіретін жеңілдету және қантөгісті доғару үшін бар күш-жігерімізді салып келеміз. Балқан елдерінен түркі мемлекеттеріне дейін қай жерде бауырларымыз, қандастарымыз бен достарымыз болса, олардың құқықтарын барлық халықаралық алаңда табандылықпен қорғап келеміз. Көрші мемлекеттерден бастап, барлық елмен достық қарым-қатынас орнатуға және өзара құрметке негізделген байланыстарды дамытуға ұмтыламыз. Сонымен қатар түрлі себептермен ұзақ жылдар бойы қарым-қатынасымыз шектеулі болған мемлекеттермен жаңа серіктестік байланыстар орнатуға басымдық беріп отырмыз».























