Ресей Қорғаныс министрлігі сәрсенбі күні жасаған мәлімдемесінде шекара маңындағы операциялар күшейіп келе жатқан тұста Украинаның оңтүстік-шығысында екі ауылдың басып алынғанын мәлімдеді.
“Telegram” желісінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, ресейлік әскерлер Запорожье облысындағы Павливка және көршілес Днепропетровск облысындағы Иванивка ауылдарын бақылауға алған.
Министрлік Ресейдің азаматтық нысандарына жасалған шабуылдарға жауап ретінде Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымға соққы бергенін мәлімдеді.
Түн бойы Ресей мен Украина бір-біріне жойқын зымыран шабуылдарын жасады.
Украина билігінің хабарлауынша, Ресейдің сәрсенбіге қараған түні жасаған шабуылдары Киев пен оның маңында екі баланы қоса алғанда алты адамның қаза табуына және ел бойынша электр жарығының өшуіне себеп болған.
Украина армиясы француз-британ өндірісіндегі “Storm Shadow” зымырандарын қолданып, Ресейдің Брянск облысындағы химиялық зауытты нысанаға алғанын хабарлап, бұл әрекетті қорғаныс операцияларының бір бөлігі ретінде сипаттады.
Путин мен Трамп өткен аптада телефон арқылы сөйлесіп, Мажарстанда саммит өткізуге келіскен болатын. Кремль кездесудің бірнеше апта ішінде өтуі мүмкін екенін айтты.
Дипломатиялық күш-жігердің бәсеңдеуі аясында Ақ Үй АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің жақын арада кездесуі жоспарланбағанын хабарлады. Трамп “Босқа өтетін кездесу болуын қаламаймын” десе, Мәскеу де ұқсас ұстаным білдірді.
Алайда ресейлік шенеуніктер саммитке дайындықтың жалғасып жатқанын растады. Кремль өкілі Дмитрий Песков журналистерге: “Кездесудің нақты күні әлі бекітілген жоқ, бірақ оған дейін мұқият дайындық қажет, бұл біраз уақыт алады,” - деді.
Песков сонымен қатар “Бұл тақырыпқа байланысты көптеген қауесет пен негізсіз әңгіме айтылып жүр. Әзірге нақты жаңалық жоқ,”- деді.
Кездесудің кейінге қалуы Ресейдің АҚШ-қа бейбіт келісім бойынша бұрынғы талаптарын қайта қоюымен байланысты. Ол талаптардың ішінде Украинаның оңтүстік-шығысындағы Донбасс өңірінің толық бақылауын Ресейге беру де бар.
“Reuters” агенттігіне үш дереккөз бұл талаптар Трамптың өткен аптада айтқан “екі тарап қазіргі майдан шептерінде тоқтауы тиіс” деген мәлімдемесін Мәскеудің қабылдамайтынын көрсетеді деп түсіндірді.
Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков мемлекеттік “РИА Новости” агенттігіне берген сұхбатында Мәскеудің бұл ұстанымды Вашингтонға ресми түрде жеткізіп жеткізбегені туралы пікір білдіруден бас тартты.
“Саммитке дайындық жалғасуда. Мен үлкен кедергі көріп тұрған жоқпын,” - деді Рябков.








