Дональд Трамп: «Мадуроның президенттік күндері санаулы»

Трамп Венесуэладағы әскери нысандарға жасалуы ықтимал шабуылдар жөнінде БАҚ-та тараған хабарларды теріске шығарды.

Дональд Трамп: «Мадуроның президенттік күндері санаулы»

Кариб теңізі аймағына АҚШ-тың әскери қысымы күшейіп, жағдай шиеленіскен тұста Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Венесуэла басшысы Николас Мадуроның күндерінің санаулы екенін айтты.

Жексенбі күні «CBS News» телеарнасының «60 Minutes» бағдарламасында жүргізуші Нора О’Доннеллдің «Мадуроның президенттік күндері санаулы ма?» деген сұрағына Трамп: «Иә, мен солай деп ойлаймын», - деп жауап берді. Алайда ол Венесуэлаға қарсы соғысты жоққа шығарды.

Сонымен қатар Трамп Венесуэлаға құрлық шабуылын жасау туралы пікір білдіруден бас тартып, «Мен мұны жасаймын деп ойламаймын», - деп қысқа қайырды.

Трамп жұма күні журналистерге берген сұхбатында, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған «АҚШ Венесуэладағы әскери нысандарға жақын уақытта соққы жасайды» деген хабарларды теріске шығарып, бұл мәселе бойынша ешқандай шешім қабылдамағанын мәлімдеді.

Кейбір америкалық БАҚ Трамп әкімшілігінің нарко-терроризмге қарсы күрес аясында Венесуэлада әскери нысандарға шабуыл жасауға шешім қабылдағанын және бұл операциялардың кез келген сәтте басталуы мүмкін екенін хабарлаған болатын.

Вашингтон Мадуроны Оңтүстік Америкада әрекет ететін «Cartel de los Soles» атты қылмыстық ұйымның жетекшісі деп айыптап, биыл шілде айында бұл топты «Арнайы анықталған ғаламдық террористік ұйым» ретінде тізімге енгізді.

Қыркүйек айының басынан бері Кариб теңізі мен Тынық мұхитының шығыс аймағында кемінде 14 шабуыл жасалып, 64-тен астам адам қаза тапқан.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары мен заң сарапшылары бұл операциялардың заңдылығына күмән келтіріп, АҚШ-тың есірткі тасымалдады деп айыпталған қайықтарға жасаған соққылары халықаралық құқық бұзушылық екенін алға тартты.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Волкер Тюрк бұл шабуылдарды «қабылданбайтын» әрекет деп атап, оларды «сотсыз жазалау» ретінде сипаттап, тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды.

Мадуро Вашингтонды «Венэсуэлаға қарсы соғыс ойлап табуда» деп айыптап, АҚШ-тың мәлімдемелерін «жауыздық» және «толығымен жалған» деп атады. Мадуро Венесуэланың кокаин өсірмейтінін ерекше атап өтіп, АҚШ жағалауындағы әскери қозғалысты «жаңа, шексіз соғысқа дайындықтың белгісі» деп сипаттады.