Яннис Маринос Грекияның «To Vima» газетінде жарияланған мақаласында Түркияның әлеуеті мен стратегиялық қадамдарының арқасында өңірлік державаға айналғанына назар аударды.
Мақалада Түркияның қазіргі мүмкіндіктерін өңірдегі ешбір ел ескерусіз қалдыра алмайтыны айтылды.
«Түркияның номиналды жалпы ішкі өнімі биыл 1,6 триллион долларға жетуі мүмкін. Осылайша Түркия Таяу Шығыстағы ең ірі экономика болмақ. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркияның жалпы сауда көлемі 635 миллиард долларға жетті. Ел экспортының ең үлкен үлесі 41,5 пайызы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі болса, Таяу және Орта Шығыс елдерінің үлесі 17 пайызды құрады», - делінген.
НАТО-дағы екінші ірі армия және қорғаныс өнеркәсібіндегі серпіліс
Маринос Түркияның әскери әлеуетіне де кеңінен тоқталды.
Түрік Қарулы күштерінің НАТО құрамында АҚШ-тан кейінгі екінші ірі армия екені атап өтілді. Сонымен қатар Түркияның қорғаныс өнеркәсібінде соңғы жылдары қол жеткізген серпілісіне назар аударылды.
Өткен жылы 10 миллиард долларлық экспорт көлеміне жеткен бұл саланың соңғы бес жылда экспортын үш есеге арттырып, айтарлықтай өсім көрсеткені айтылды.
Көрші елдермен көпжақты дипломатия
Мақалада Түркияның көрші және аймақ елдерімен жүргізіп отырған дипломатиялық қарым-қатынасы да кеңінен баяндалған. Сириядағы жаңа биліктің Түркия үшін маңызды одақтас екені айтылды. Катармен дәстүрлі одақтастық жалғасып жатқанда, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктерімен қарым-қатынастың жақсаруы экономикаға тікелей оң әсер еткені атап өтілді.
Ирак пен Эрбиль әкімшілігімен жасалған келісімдердің өңір мұнайын тасымалдауда маңызды транзиттік бағыт қалыптастырғаны айтылды.
Иранмен төрт ғасырдан бері өзгермеген 560 шақырымдық ортақ шекараға назар аударылып, өңірлік бәсекелестікке қарамастан, екі ел арасындағы қатынастарда белгілі бір тепе-теңдік пен өзара сенім сақталып отырғаны жазылған.


















