ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
3 ... минут оқылды
БҰҰ: «Сирияны қайта қалпына келтіруге 216 миллиард доллар қажет»
БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілінің орынбасары Клаудио Кордоне  Сирияны қайта қалпына келтіруге 216 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеді.
БҰҰ: «Сирияны қайта қалпына келтіруге 216 миллиард доллар қажет»
БҰҰ / Anadolu Agency (Wire)

Кордоне бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сириядағы ахуалға арналған отырысында айтты.

Оның сөзінше, Сирияда экономиканы қалпына келтіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарында маңызды қадамдар басылды. Алайда елдегі жағдайды толық тұрақтандыру үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет.

«Экономиканы жедел қалпына келтіру Сириядағы өтпелі кезеңнің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, тек қираған ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын қайта тұрғызуға 216 миллиард доллар қажет», – деді Кордоне.

Ол Сирияның ұзақ мерзімді әрі тұрақты халықаралық қолдауға мұқтаж екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үшін мемлекеттік қаржыландыруды және жеке сектор инвестицияларын тарту қажет.

Сондай-ақ Кордоне санкцияларды жеңілдету, аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту ел экономикасының қалпына келуін жеделдетуі мүмкін екенін айтты.

БҰҰ өкілі елді қайта қалпына келтіру жұмыстары тек инфрақұрылымды жаңартумен шектелмеуі керектігін де атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті жерлерде бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді анықтауға әйелдер, азаматтық қоғам ұйымдары және қақтығыстан зардап шеккен тұрғындар да қатысуы қажет.

Сирияның егемендігін бұзу әрекеттері алаңдаушылық туғызуда

Клаудио Кордоне Израильдің Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзатын әскери әрекеттері әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Израиль күштерінің аймақта жүргізіп жатқан әскери операциялары, уақытша бақылау бекеттерін орнатуы, адамдарды ұстап әкетуі, артиллериялық шабуылдары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен сумен жабдықтау инфрақұрылымына келтірген зияны бейбіт тұрғындардың өміріне елеулі қауіп төндіріп отыр.

Кордоне 21 қазанда Израильдің Дера қаласының батысындағы Джемле ауылына жасаған шабуылы салдарынан мүгедек адамның қаза тапқанын айыптады. Ол Голан жоталарына қатысты 1974 жылы жасалған Күштерді ажырату туралы келісімді бұзуды тоқтатуға және Сирияның егемендігін толық құрметтеуге шақырды.

Сондай-ақ Кордоне Сирияның аймақтағы қақтығыстарға араласпауы қажет екенін атап өтті.

Оның сөзінше, ел ең алдымен саяси өтпелі кезеңді жүзеге асыруға, экономиканы қалпына келтіруге және қайта құру жұмыстарына назар аударуы қажет.

Сирияда 2,4 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж

БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы Төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісінің орынбасары Мұхаммед Яхья 2024 жылдың желтоқсанынан бері шамамен 4 миллион сириялықтың өз еркімен үйлеріне оралғанын мәлімдеді. Алайда 730 мыңнан астам адам әлі де босқын лагерлерінде тұрып жатыр.

Яхьяның айтуынша, қыс мезгілі жақындаған сайын Сирияда шамамен 2,4 миллион адам қосымша гуманитарлық көмекке мұқтаж. Алайда қысқы кезеңге арналған көмек жоспарына қажетті қаржының небәрі 40 пайызы ғана бөлінген.

Ол қысқы көмек бағдарламасы қиын жағдайға тап болған 970 мыңнан астам адамға көмек көрсетуді мақсат ететінін атап өтті.

Сонымен қатар қоныс аударуға мәжбүр болған және үйлеріне қайта оралған 200 мыңға жуық адам суықтан жеткілікті қорғалмаған, қираған баспаналарда тұрып жатқанын жеткізді.

«Соңғы уақытта жауған нөсер жаңбыр мен су тасқындары жағдайды одан әрі қиындатты. Жүздеген баспана мен тұрғын үйді су басты, көптеген маңызды көпір қирады. Сондай-ақ шамамен 500 гектар егістік алқабы зардап шекті», – деді Яхья.

Яхья Сирияға гуманитарлық көмек көрсетуге қажетті жалпы қаржының тек үштен бірі ғана жиналғанын айтты. Осыған байланысты ол халықаралық қауымдастықты гуманитарлық көмекті қаржыландыруды жалғастыруға шақырды.

Ол Сирияның бейбіт тұрғындары тұрақсыздыққа төтеп бере алмайтынын атап өтті.

Іздеу
Президент Ердоған COP31 аясында қарқынды дипломатиялық кездесулер өткізуде
«Көшбасшылардың COP31 саммитінде танытқан табандылығы Париж климаттық келісімі үшін үміт ұялатады»
Трамп қызметінен кетпес бұрын Куба мәселесін шешуді көздеп отыр
“Microsoft 365” қызметіндегі ақау әлі жойылған жоқ
Ресей мен Ауғанстан астық және энергетикалық жабдықтар жеткізу жөнінде келісімге келді
Бейбітшілік келіссөздерінің келесі кезеңі Еуропаның қатысуымен өтпек
Түрік Қызыл Жарты Ай қоғамы Босния және Герцеговинадағы мұқтаж жандарға 9,5 тонна көмек жеткізді
«АҚШ Орталық қолбасшылығы Иранға қайта шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті»
ЕО: «Біздің қауіпсіздігіміз Украинаның қауіпсіздігіне тікелей байланысты екені анық»
АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілдері Ресей президенті Путинмен кездесті
Иран: «АҚШ-тың Бахрейндегі  ерте ескерту радары жойылды»
Малатияда апатқа ұшыраған тікұшақтағы 4 әскери қызметкер шейіт болды
Түркия мен Қытай арасында жаңартылатын энергия саласында инвестициялық келісімге қол қойылды
Әзербайжан президенті Әлиев пен Украина президенті Зеленский Дублинде кездесті
Президент Ердоған Иран президенті Пезешкианмен кездесті