Украинаның Арнайы операция күштерінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде кеше Ямал-Ненец автономиялық округіндегі Новый Уренгой және Пуровский газ конденсатын өңдеу зауыттарына шабуыл жасалғаны айтылды.
Мәлімдемеге сәйкес, дрондар нысандарға соққы беру үшін 3 мың шақырымнан астам қашықтықты еңсерген. Осылайша Украина күштерінің соғыс басталғалы бері Ресей аумағындағы нысандарға ең алыс қашықтықтан шабуыл жасағаны атап өтілді.
Украина президенті Владимир Зеленский де Арнайы операция күштерінің мәлімдемесін жариялап, «Осындай дәлдік пен алыс қашықтыққа соққы беру мүмкіндігі үшін алғыс айтамын. Ресейдің соғысына лайықты жауап беріп, оның салдарын Ресейдің өзі де сезінуі маңызды. Осындай әрбір соққы Ресейдің дипломатиялық шешімдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін азайтады», — деді.

















