Дүйсенбі күні жасалған мәлімдемеге сәйкес, Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанның жоғары лауазымды өкілдері өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Тегеранда Иран билігінің өкілдерімен кездеседі.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі бас хатшысының орынбасары Али Багери Иран телеарнасына берген сұхбатында «Мекке одағына» мүше Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркияның жоғары лауазымды өкілдері Батыс Азияда өңірлік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға бағытталған бастамалар аясында Тегеранда басқосатынын мәлімдеді.
Багеридің айтуынша, кездесуге Сауд Арабиясының қорғаныс министрі ханзада Халид бен Салман, Пәкістан Қарулы күштері Бас штабының басшысы Асим Мунир және Түркияның жоғары лауазымды өкілі қатысады.
Түркияның қауіпсіздік саласындағы дереккөздері Анадолы агенттігіне кездесуге Түркия атынан Ұлттық барлау ұйымының басшысы Ибрахим Калын қатысатынын хабарлады.
Багери шетелдік делегация өкілдері өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылау үшін Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохсен Резаимен кездесетінін айтты. Сондай-ақ ол Иранның аймақтағы сыртқы күштердің араласуы мен ықпалына қарсы екенін атап өтті.
Иран бұқаралық ақпарат құралдары кездесудің дүйсенбі күні өтетінін хабарлағанымен, Багери оның нақты күнін атаған жоқ.
Мекке одағы өңірдегі шиеленісті бәсеңдетуді көздейді
Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрінің қоғамдық дипломатия мәселелері жөніндегі орынбасары Раид Кримли «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбасында осы сапарды растады. Оның айтуынша, шетелдік делегация өкілдері Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохсен Резаимен қатар, ел президенті Масуд Пезешкианмен де кездеседі.
Кримли бұл сапардың АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстар жалғасып жатқан тұста Мекке одағына мүше елдердің шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған күш-жігерінің бір бөлігі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, келіссөздер Катар мен Пәкістанның бастамасымен жүргізіліп жатқан араағайындық әрекеттерді қолдауға, сондай-ақ диалогты дамыту мен дипломатиялық шешімдерді ілгерілетуге бағытталады.
Кримли бұл кездесулер одақ мүшелерінің өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы рөлін және осы мақсатта аймақтағы барлық елмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін көрсететінін мәлімдеді.




















