Ортақ түркі әліпбиі Анкарада талқыланды

Анкара қаласында Баку түркология құрылтайының 100 жылдығына орай түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын және өзара байланысын нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара өтті.

By
Ортақ түркі әліпбиі Анкарада талқыланды / TRT Global

28 қаңтар күні Түркі Мемлекеттері Ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырымның қатысуымен «Ортақ түркі әліпбиі: мүмкіндіктер, мәселелер және ұсыныстар» тақырыбында панельдік отырыс ұйымдастырылып, жетекші ғалымдар бұл мәселе бойынша жан-жақты пікір білдірді.

Түркі әлемінің көне заманнан бүгінге дейін жалғасқан ортақ тарихы, таралған географиялық кеңістігі мен қазіргі жағдайы ескеріле отырып қабылданған Ортақ түркі әліпбиінің маңызы атап өтілген бұл панель Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми қызметі аясында Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, профессор Мұхиттин Шимшектің жетекшілігімен ұйымдастырылды. Ұлттық кітапханада өткен бұл басқосуға ғалымдарды тыңдау үшін түркі мемлекеттерінің Түркиядағы елшілері де қатысты.

Ашылу рәсімінде Бинали Йылдырым түркі әлемінің маңызын айта келе, ортақ әліпбиді қабылдауға дейінгі екі жылға созылған күрделі үдерісті еске салды. Бұл жолдың жеңіл болмағанын, алайда 34 әріптен тұратын Ортақ түркі әліпбиінің қабылданғанын және бұл қадамның болашақта түркі халықтарының өзара қарым-қатынасына зор серпін беретінін айтты. Йылдырым бұл бастаманың түркі әлемін тек мәдени тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да жақындастыра алатынын ерекше атап өтті.

Профессор Назым Хикмет Полат басқарған панельде сөз кезегін алған профессор Билгехан Атсыз Гөкдаг Ортақ түркі әліпбиі мәселесінің түркі әлемі үшін жаңа тақырып емес екенін атап өтті. Ол бұл бағыттағы алғашқы жүйелі жұмыстардың 1926 жылы өткен I Баку түркология құрылтайынан бастау алғанын еске салды. Сонымен қатар сол құрылтайға қатысып, Ортақ түркі әліпбиі жобасын қолдаған көрнекті түркі ғалымдарының 1937–1938 жылдары Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болғанына назар аударды.

Түрік тіл қоғамының төрағасы, профессор Осман Мерт өз баяндамасында Ортақ түркі әліпбиі қабылданғанға дейінгі академиялық үдерісті және аталған бағыттағы қиындықтарды хабарлады. Ол сондай-ақ түркі әлемінің жазу тарихына қысқаша тоқталып, кирилл әліпбиімен салыстырғанда латын әліпбиі ұсынатын мүмкіндіктерді талдады.

ЮНЕСКО-ның Түркия ұлттық комиссиясының төрағасы, профессор Өзжан Огуз ЮНЕСКО аясында «Түркі тілдері отбасының халықаралық күнін» жариялау мәселесіне тоқталса, Хаджеттепе университетінен профессор Нуреттин Демир профессор Эмине Йылмазбен дайындаған «Үзілмес талқы: әліпби даулары» атты баяндамасына қысқаша тоқталды.

Панельдің қорытынды сөзін түркі мәдени дәстүріне сай жиынның ақсақалы  Бинали Йылдырым жасады. Ол өз сөзін былай түйіндеді: «Шын мәнінде көп нәрсе үйрендік. Алайда мынаны еске салғым келеді: алдымыздағы жол ұзақ, атқаратын жұмыс өте көп. Сондықтан қарқынды күшейтуіміз керек. Бұл жерде академиялық ортаның, сіздердің рөлдеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз айрықша. Осы әліпбиді 300 миллиондық алып қауымға жеткізу, оларды сендіру және қолдануларына жол ашу үшін егжей-тегжейлі жұмыс қажет. Бұл жұмысты тек сіздер атқармайсыздар, бірақ локомотив бола аласыздар. Саясат қолдау көрсетеді, институттар қолдайды. Осы бағыттағы сананы Балқаннан Байкалға дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте тез арада қалыптастыруымыз керек.
Бұл — империялық арман емес, бұл — ортақ өткенімізді болашаққа жалғайтын жоба. Біз отаршыл халық емеспіз. Түрік халқының тарихы абыройлы. Біздің мақсатымыз — осы ұлы географияда бір-бірімізді тереңірек түсіну, ынтымақтастықты күшейту, экономикалық және мәдени ықпалдастықты дамыту әрі аймақтық және жаһандық бейбітшілікке үлес қосу.
Осы орайда барлық ұстаздарымызға, пікір білдірген сарапшыларға үлкен алғыс айтамын. Әсіресе Қожа Ахмет Ясауи университетінің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, қадірлі ұстазым Мұхиттин Шимшекке және оның әріптестеріне осындай тағылымды жиынды ұйымдастырғаны үшін ерекше ризашылығымды білдіремін».