Түркия Республикасы Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих КажырТүркияның стартаптарды қолдауын экожүйемен алғашқы байланыстан бастап, компанияның құрылуына, тұрақты өсуіне және жаһандық деңгейге шығуына дейін үздіксіз кеңейтіп отырғанын айтты.
Министр сәрсенбі күні Стамбулда өткен “Take Off Istanbul Startup Summit” форумында сөйлеген сөзінде негізін қалаушылар және инвесторлармен тығыз қарым-қатынаста әзірленген, инновацияға қолайлы ережелер жаңа бизнес-модельдердің пайда болуына, өсуіне және бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Екі күндік форумды Түркия Өнеркәсіп және технология министрлігі мен Түркияның инвестициялар және қаржы бюросы ұйымдастырып отыр, ал Анадолы агенттігі жаһандық коммуникация серіктесі ретінде қызмет етеді.
Іс‑шарада финтех, байланыс, ғарыштық экономика, инновация және өршіп келе жатқан нарықтар сынды бірнеше тақырып бойынша көптеген ресми тұлға мен сарапшының баяндамалары ұсынылады.
Кажыр: «Біз өз саясатымыз бен жобаларымызды осы көзқарасқа сәйкес жүзеге асырып келеміз. Жастарды болашақтың дағдыларымен қамтамасыз ету үшін үлкен инвестициялар салып жатырмыз», – деді.
Ол сондай-ақ Түркияда құрылған ойын студиялары жүз миллиондаған ойыншы сүйіп ойнайтын жаһандық хит ойындар жасағанын атап өтті. Ойын саласынан тыс жоғары өсім көрсетіп жатқан түрік стартаптары азық-түлік жеткізу, финтех және жасанды интеллект бағыттарында пайдаланушы тәжірибесін жаңа деңгейге шығарып, Еуропа, Таяу Шығыс және басқа өңірлерде жаңа стандарттар қалыптастырып жатқанын айтты.
Түркияның зерттеу көрсеткіштері
Министр өндіріс, экспорт және жабдықтау тізбегіндегі жетістіктерге тоқталып,
«Өнеркәсіптегі бұл серпіннің жалғасатынына сенімдіміз, өйткені осы жылдар ішінде мықты зерттеу және инновациялық инфрақұрылым қалыптастырдық. 2000-жылдардың басынан бері Түркияның жылдық ғылыми зерттеу шығындарын 1,2 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін арттырдық. Зерттеу мен жетілдірудің ұлттық табыстағы үлесі 0,5%-тен 1,5%-ға жетті», – деді.
Іс-шараның алғашқы кезеңі 2018 жылы Технофест аясында өткізіліп, кейін кеңейіп, дербес шараға айналды.
Биылғы саммитке 40-тан астам елден шамамен 250 инвестор және 500 стартап қатысуда.
Халықаралық ынтымақтастыққа басымдық берілген бұл шарада Испания, Бангладеш, Солтүстік Македония және Өзбекстан ұлттық павильондарын ұсынып, өз экожүйелеріндегі стартаптарды таныстыруда.
Бағдарламада қатысушылардың жаңа іскерлік байланыстар орнатуына мүмкіндік беретін «Кәсіпкерлік іс-шарасы» және «Халықаралық инвесторлар кездесуі» сияқты арнайы сессиялар бар.
Саммит экожүйедегі жас таланттарды қолдау мақсатында студенттерге арналған арнайы оқу отырыстарын өткізеді және еріктілік моделінің көмегімен қоғамдық сананы арттыруды көздейді.














