29–30 қазанда Түркия астанасы Анкарада өтетін Түркі Мемлекеттері Ұйымының XIII саммитінде ауыл шаруашылығы, ғарыш, сауда және көлік салаларын қамтитын ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.
2026 жылы «Түркі әлемінің туризм астанасы» атанған Анкара шілде айында өткен НАТО саммитінен кейін тағы бір халықаралық іс-шараны қабылдауға дайындалып жатыр. Осы орайда түркі мемлекеттерінің басшылары бас қосатын Түркі Мемлекеттері Ұйымының XIII саммиті 29–30 қазанда Анкарада өтеді.
Ұйымның іс-шаралар күнтізбесіне сәйкес, 29 қазанда Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді.
Ал 30 қазанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен «Түркі ғасыры: тілде, пікірде, істе бірлік» тақырыбында саммит ұйымдастырылады.
Жиында ұйым аясындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашақтағы даму бағыттары, сондай-ақ тараптарды қызықтыратын өңірлік және халықаралық мәселелер талқыланады.
Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі даму тұжырымдамасындағы экономикалық мәселелер де талқыланады
Саммит барысында мемлекет басшылары Түркі Мемлекеттері Ұйымының басым бағыттары саналатын саяси ынтымақтастық, сауда және инвестиция, көлік және өзара байланыстарды нығайту, энергетика, цифрлық трансформация, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларында қол жеткізілген нәтижелерді бағаламақ.
Сонымен қатар саммитте Түркия Түркі Мемлекеттері Ұйымына төрағалық ету міндетін Әзербайжаннан қабылдап алады. Мемлекет басшылары ынтымақтастықты тереңдетуге және ұйымның институционалдық құрылымын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар шешімдер мен құжаттарды, сондай-ақ Анкара декларациясын қабылдайды деп жоспарланып отыр.
Түркі Мемлекеттері Ұйымына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан мүше. Ал Түрікменстан, Мажарстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мемлекеттер мәртебесіне ие. Экономикалық ынтымақтастық ұйымы да Түркі Мемлекеттері Ұйымында бақылаушы ұйым ретінде қатысады.























