«Pew» зерттеу орталығының әлемдік діндердің болашағына қатысты жаңа болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай дүниежүзіндегі мұсылмандар саны христиандар санынан асып түсуі мүмкін.
2020–2070 жылдар аралығында жеті түрлі діни топтың саны қалай өзгеретінін қарастырған зерттеуде мұсылмандар мен христиандар санының арта беретіні, алайда мұсылмандардың өсімі әлдеқайда жоғары болатыны айтылған.
Сәрсенбі күні жарияланған баяндамада: «Қазіргі уақытта христиандар әлемдегі ең үлкен діни топ саналады, ал мұсылмандар екінші орында тұр. Алайда 2035 жылға қарай бұл жағдай өзгеріп, мұсылмандар саны христиандардан асып түседі», – делінген.
Вашингтонда орналасқан зерттеу орталығының мәліметінше, қазіргі үрдіс сақталса, 2070 жылға қарай әлемде 3,6 миллиардтан астам мұсылман және 3 миллиардқа жуық христиан болады.
Осы кезеңде әлем халқының жалпы саны 29 пайыз өседі деп болжанып отыр. Ал ірі діни топтардың ішінде халық саны тұрақты түрде өсетін екі топ – мұсылмандар мен христиандар. Болжам бойынша, христиандар саны 30 пайыз, ал мұсылмандар саны 80 пайыз артады.
Зерттеуге сәйкес, 2020 жылы мұсылмандар әлем халқының 26 пайызын құраған. Ал 2070 жылға қарай олардың үлесі 36 пайыз болуы мүмкін. Христиандардың әлем халқы ішіндегі үлесі шамамен 29 пайыз деңгейінде сақталады деп болжануда.
Бала туу көрсеткіштері
«Pew» зерттеу орталығы бұл өзгерістерді негізінен демографиялық факторлармен байланыстырады.
2020–2025 жылдар аралығында мұсылман әйелдерге шаққандағы бала туудың орташа көрсеткіші 3,1 болса, мұсылман емес әйелдер арасында бұл көрсеткіш 2,0 болған.
Сонымен қатар 2020 жылы мұсылмандардың медианалық жасы 24-ті құраған. Бұл мұсылман емес халықтың медианалық жасынан яғни 33 жастан шамамен 10 жасқа төмен.
Зерттеуде: «Мұсылмандар арасында бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, олардың саны басқа ірі діни топтарға қарағанда жылдамырақ өсіп келеді. Ал бала туу көрсеткіші бойынша екінші орында тұрған христиандар саны әлем халқының жалпы өсу қарқынымен шамалас деңгейде артуы мүмкін», – делінген.
Халық санының өзгеруіне әсер ететін тағы бір фактор – адамдардың басқа дінге өтуі немесе діннен бас тартуы.
Зерттеуде бұрынғы үрдістерге сүйене отырып, дінін өзгерту немесе діннен бас тарту салдарынан мұсылмандар санының азаюы христиандармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады деп болжанған.
Осы ғасырда әлем халқы өсімінің басым бөлігі Сахара шөлінің оңтүстігіндегі Африка елдерінде болуы мүмкін. Бұл аймақтағы халықтың көпшілігі ислам немесе христиан дінін ұстанады.
Болжам бойынша, 2070 жылға қарай Пәкістан мұсылмандар саны ең көп елге айналады. Одан кейін Үндістан, Нигерия және Индонезия бар.
Ал Конго Демократиялық Республикасы христиандар саны бойынша АҚШ-ты басып озып, әлемде бірінші орынға шығуы мүмкін.
2070 жылға қарай АҚШ, Канада және Германия халқының басым бөлігі христиан дінін ұстанбайтын елдердің қатарына қосылуы мүмкін.
Индуизм мен иудаизмді ұстанушылардың саны артқанымен, олардың әлем халқы ішіндегі үлесі төмендейді. Ал буддизмді ұстанушылардың саны да, жалпы халық ішіндегі үлесі де азаяды.
Зерттеуде бұл болжамдардың адамдардың дінін өзгертуі мен көші-қонға қатысты қазіргі үрдістер алдағы уақытта да жалғасады деген болжамға негізделгені атап өтілген.
«Pew» зерттеу орталығы ешбір дінді ұстанбайтын адамдар санына қатысты болжамның шынайы өсімнен төмен болуы мүмкін екенін де ескертті. Себебі 2010–2020 жылдар аралығында бұл топтың саны күтілгеннен әлдеқайда жылдам өскен.





















