«Түркияның осы бағыттағы маңызды рөлін барлығы жоғары бағалап отыр. Біз осы рөлге сай жауапкершілік алып, нақты шешімдер ұсынып қана қоймай, оларды жүзеге асыруға да жетекшілік етуіміз керек», – деді Фидан.
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Бельгия астанасы Брюссельде Еуропалық Одақтың Сыртқы істер кеңесі аясында өткен Аймақаралық қауіпсіздік және өзара байланыстар жөніндегі екінші министрлер кездесуінен кейін мәлімдеме жасады.
Фидан бұл кездесудің талқыланған мәселелер мен қол жеткізілген нәтижелер тұрғысынан аса маңызды болғанын атап өтті. Оның айтуынша, аймақтар арасындағы көлік, сауда және энергетикалық байланыстарды дамыту үшін стратегия әзірлеумен ғана шектелмей, оны жүзеге асыру бағытында нақты қадам басу қажет.
Министр кездесуге Еуропалық Одаққа мүше елдердің және Кавказ бен Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдері қатысқанын айтты. Тараптар осы аймақтар мен олардың арасындағы байланыстарды нығайту, сондай-ақ сауда, энергия және деректер алмасуды барынша тиімді әрі үздіксіз қамтамасыз ету жолдарын талқылаған.
Фиданның айтуынша, кездесуде Ормуз бұғазы, Баб-әл-Мандеб бұғазы және Қаратеңізде соғыс пен дағдарыс салдарынан туындаған кедергілер ескеріліп, аймақтар арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту мәселесі қарастырылды.
Ол Түркияның Еуропа, Қаратеңіз аймағы, Кавказ және Орта дәліз бойындағы Орталық Азия елдерін байланыстыратын маңызды торап ретінде алға шығып отырғанын атап өтті.
«Түркияның осы бағыттағы жетекші рөлі барша тараптан мойындалуда. Біз бұл рөлге сай жауапкершілік алып, шешу жолдарын ұсынып қана қоймай, оларды іске асыруға да жетекшілік етуіміз қажет. Бүгінгі кездесуде де дәл осы бағытта жұмыс жүргіздік. Сондықтан бұл жиын өте маңызды әрі дер кезінде ұйымдастырылды», – деді Фидан.
Министр кездесу аясында Украина, Германия, Литва, Дания, Болгария, Румыния және Молдова өкілдерімен келіссөздер жүргізгенін хабарлады.
«Қазіргі уақытта Қаратеңіз мәселесі бойынша белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әсіресе астықты әлемдік нарыққа қайта жеткізу жолдарын қарастырудамыз. Бұл мәселені Украина және Ресей тараптарымен талқылап жатырмыз. Сондай-ақ еуропалық серіктестерімізбен және украиналық әріптестерімізбен де осы тақырыпта пікір алмастық», – деді Хакан Фидан.
Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер
Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінде Ресей, АҚШ және Украина өкілдері арасында өткен келіссөздердің нәтижесіне қатысты сұраққа жауап берді.
Фидан Түркияның да осы форматтағы келіссөздерді бірнеше рет ұйымдастырып, тараптармен кездесулер өткізгенін еске салды.
«Біз мәселенің әлі түпкілікті шешілмегенін көріп отырмыз. Ең алдымен бұл туралы жұртшылыққа хабарлауды өз міндетім деп санаймын», – деді ол.
Министрдің айтуынша, Ресей Донбасс аймағының өз бақылауында емес қалған бөлігін де өз аумағына қосқысы келеді. Ал Украина бұл жерді өз елінің ажырамас бөлігі деп санайтындықтан, оны беруге келіспейді. Фидан осы келіспеушіліктің соғыстың жалғасуына негізгі себептердің бірі болып отырғанын атап өтті.
«Ресей тарапының есебі бойынша, Донбасс аумағының 11–12 пайызы, ал Украина тарапының мәліметінше, 18 пайызы әлі шешілмеген мәселе болып отыр. Қазір бұдан бөлек басқа да мәселелер талқылануда», – деді Фидан.
Ол бейбіт келісімге қол жеткізілген жағдайда Ресей мен Украина арасындағы шептің қай жерден өтетінін нақты белгілеу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ең күрделі мәселе Донбассқа қатысты екенін атап өтті.
Фидан тараптардың қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты талаптары да келіссөздердің маңызды бөлігі екенін жеткізді.
Министр Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келісім тек осы екі елге ғана емес, Еуропа мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа да әсер ететінін айтты. Сондықтан Еуропа мен Ресей арасындағы жаңа қауіпсіздік жүйесі мен бейбіт қатынастардың негіздерін ашық талқылау қажет екенін атап өтті.
Фидан сөзін былай жалғастырды: «Соңғы уақытқа дейін тараптар бұл мәселеге қатысты өз ұстанымдарын толық ашып көрсеткен жоқ. Олар белгілі бір ұсыныстар айтып, қандай шешім қабылдануы керектігі жөнінде пікір білдіріп келді. Ал қазір осы мәселелерді біртіндеп нақты талқылайтын уақыт жетті. Еуропаның жаңа қауіпсіздік жүйесі қандай болуы керек? Ресей мен Еуропа арасындағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған жаңа қауіпсіздік құрылымы қалай қалыптасуы тиіс?»
Фидан Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бұл мәселелермен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқанын және мол тәжірибеге ие екенін атап өтті. Сондай-ақ Түркияның тараптарға түрлі ұсыныстар жасап жатқанын айтты.
«Негізгі мәселелер – тараптар арасындағы шепті белгілеу, Донбасс мәселесін шешу, одан кейін қауіпсіздік кепілдіктерін анықтау және Еуропа мен Ресей арасындағы жаңа қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру. Сонымен қатар Украинаны қайта қалпына келтіру барысында санкцияларға қатысты қандай шешім қабылданатыны және Ресейдің бұғатталған қаржысы қалай пайдаланылатыны сияқты бірқатар мәселе бар», – деді министр.
Фидан аталған мәселелердің қазір талқыланып жатқан келісімнің негізгі мазмұны мен тармақтарын құрайтынын айтты.
«Осы мәселелер бойынша ортақ келісімге келу өте қиын», – деді Хакан Фидан.
Қаратеңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігі
Хакан Фидан осы мәселелер талқыланып жатқан кезде Қаратеңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды екенін атап өтті. Ол астыққа мұқтаж кедей елдерге бидай жеткізу жолдарын қарастырып жатқанын және осы бағытта бірқатар ұсыныс әзірлегенін айтты.
Түркияның Сыртқы істер министрі бұл туралы былай деді: «Бүгін сол ұсыныстардың бір бөлігін нақтылап, пысықтадық. Өйткені бұл мәселе Қаратеңіз жағалауындағы Болгария мен Румынияға да қатысты. Бүгін Болгария, Румыния және Украина өкілдерімен кездестік. Ал бұған дейін Ресей тарапымен келіссөздер жүргізген болатынбыз. Ұсынып отырған шешіміміз нәтиже беріп, бұл мәселені реттей аламыз деп үміттенеміз. Алайда жағдай күрделі. Себебі Ресей тұрақты бейбіт келісім жасалмайынша, Украинамен Қаратеңіз мәселесі бойынша уақытша келісімге келгісі келмейді. Мұндай жағдайда тараптардың ортақ келісімге келуіне мүмкіндік беретін жолды қалай табуға болады? Бізде осыған қатысты бірқатар ұсыныс бар. Бірақ оларды жариялауға әлі ерте. Әзірге бұл ұсыныстарды тараптармен талқылап жатырмыз. Алдағы уақытта олар жүзеге асса, әрине хабарлаймыз», – деді Фидан.






















