Германияның апталық «ZEIT» газеті Израильдің Газаға жүргізіп отырған геноцидінен қаза тапқан палестиналықтар саны едәуір жоғары болуы мүмкін екенін хабарлады.
Германияның Росток қаласындағы Макс Планк Демографиялық Зерттеулер Институтының зерттеу тобының есебіне сәйкес, екі жылдан астам уақыттан бері жалғасып келе жатқан бұл геноцидтік соғыс кезінде кемінде 100 мың адам көз жұмған.
Жоба жетекшісі Ирена Чен: «Нақты өлім санын ешқашан біле алмаймыз. Біз тек ықтимал көрсеткішті мүмкін болғанша дәл есептеуге тырысамыз», - деді.
Зерттеушілердің есептеуінше, алғашқы екі жыл ішінде қоршаудағы Газада қаза тапқан немесе өлтірілген адамдардың саны 99 997 мен 125 915 аралығында. Ал олардың орташа есебі бойынша 112 069 адам.
Макс Планк институтының ғалымдары әртүрлі дереккөздерден мәлімет жинап, статистикалық модельдеу жүргізген. Зерттеуге Газа Денсаулық сақтау министрлігінің деректерімен қатар тәуелсіз сауалнама нәтижелері мен әлеуметтік желілердегі өлім хабарламалары да енгізілген.
Бүгінге дейін өлім-жітімге қатысты жалғыз ресми дерек көзі Газа Денсаулық сақтау министрлігі болатын. Министрлік геноцид соғысының алғашқы екі жылында 67 173 адамның қаза тапқанын жариялаған еді.
«ZEIT» басылымының айтуынша, дерекке қатысты статистикалық манипуляция жасалғанына дәлел жоқ.
Манипуляция жоқ
Әртүрлі зерттеу тобы бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің өлім санын есептеуде сақтық танытуға бейім екенін атап өткен еді. Енді ресми деректер көрсеткеннен әлдеқайда көп адамның қаза тапқаны құжат арқылы расталып отыр. Түрлі зерттеу хабарланбай қалған өлім-жітім санының көп екенін көрсетуде.
Денсаулық сақтау министрлігі тек расталған өлімдерді, мәселен аурухананың өлім туралы куәлігіне негізделгендерді ғана есептейді. Геноцид кезінде көптеген аурухана қалыпты жұмыс істей алмағандықтан министрлік қазір жақындары берген өлім туралы ақпаратты да тіркейді. Кейін арнайы комиссия бұл ақпаратты тексереді. Мәселен бомбалау салдарынан үйінді астында қалған көптеген құрбан көбіне есепке алынбай қалады.
Макс Планк зерттеу тобы бұрынғы нәтижелерге сүйене отырып, егжей-тегжейлі өлім-жітім болжамдарын жасады. Ғалымдар ерлер мен әйелдер, сондай-ақ түрлі жас топтары бойынша деректерді жеке-жеке талдады.
Бұл тәсіл тек нақты жалпы көрсеткішті алуға ғана емес, сонымен қатар қаза тапқандардың кім екеніне қатысты толық дерек жинауға мүмкіндік береді. Өлім туралы есептердің дәлдігі жынысқа және жасқа қарай өзгереді; әйелдер ерлерге қарағанда аз тіркелген. Ресми статистикада 60 жастан асқан адамдардың өлімі жиі ескерілмей қалады.
Зерттеушілердің есептеуінше, соғыста қаза тапқандардың шамамен 27%-ы 15 жасқа толмаған балалар, ал шамамен 24%-ы әйелдер болуы ықтимал.
Өмір сүру жасы төмендеді
Зерттеушілер геноцид соғысының Газада орташа өмір сүру ұзақтығына әсерін де есептеп шықты. Соғысқа дейін әйелдер үшін 77 жыл, ерлер үшін 74 жыл болған өмір сүру ұзақтығы 2024 жылы демографтардың бағалауынша әйелдерде 46 жылға, ерлерде 36 жылға дейін төмендеген.
Израильдің шабуылдары соңғы жылдардағыдай жалғаса берсе, бұл көрсеткіш палестиналықтардың орта есеппен дәл осы жасқа ғана жете алатынын білдіреді.
Бұл мәліметтер Газадағы бейбіт тұрғындар үшін өмірдің қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетеді.
Өлім-жітімнен бөлек, Израиль қоршаудағы аймақтың басым бөлігін қиратып, тұрғындардың барлығын босқынға айналдырды.











