Ресей Украина астанасы Киев қаласы мен Киев және Харьков облыстарындағы энергетика және байланыс инфрақұрылымына ауқымды шабуыл жасады.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде Ресей күштерінің түнде жерден ұшырылатын жоғары дәлдіктегі қарулар мен алыс қашықтыққа ұшатын соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып, Украина аумағына шабуыл жасағаны айтылды. Шабуыл барысында Украина күштері мен әскери өнеркәсіп кәсіпорындары пайдаланатын энергетика және байланыс нысандарының нысанаға алынғаны хабарланды.
Министрліктің мәліметінше, Киевте Ресей әскері туралы барлау ақпаратын жинау мақсатында интернет деректері жеткізілетін «ATM Ukrsibbank» деректерді өңдеу орталығына, сондай-ақ әскери өнеркәсіп нысандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін Дарница (ЖЭО-4) және Киев (ЖЭО-5) жылу электр орталықтарына соққы жасалған.
Сонымен қатар Киев облысында әскери логистикалық нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз ететін Киев (ЖЭО-6) жылу электр орталығы, Триполье жылу электр станциясы және Киев қосалқы электр станциясы нысанаға алынған. Ал Харьков қаласы мен оның маңында Харьков (ЖЭО-5) және Змиевская жылу электр станцияларына соққы жасалғаны хабарланды.
Ресей Қорғаныс министрлігінің тағы бір мәлімдемесінде кеше жергілікті уақытпен сағат 20:00-ден бүгін таңғы 08:00-ге дейін Мәскеу мен оның төңірегін қоса алғанда, елдің түрлі аймақтарында әуе қорғанысы жүйелері Украинаның 902 ұшқышсыз ұшу аппаратын атып түсіргені айтылды.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбі күні Ресей жасаған ауқымды шабуылдар салдарынан елдегі 600 мың адамның электр жарығынсыз қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шабуылдар Ресейдің бұған дейін энергетикалық нысандарға соққы беруді тоқтату туралы ұсыныс жасаған АҚШ-тың ұстанымын ашық түрде елемейтінін көрсетеді.
Зеленский «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ресейдің баллистикалық зымырандар арқылы энергетикалық инфрақұрылымды нысанаға алуын қатаң сынға алды. Ол бұл нысандардың АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған атысты тоқтату келісімі аясында қорғалуы тиіс екенін атап өтті.
«Бұл шабуыл әдейі ұйымдастырылды. Оның ауқымы да көп нәрсені аңғартады. Ресей бұрын-соңды АҚШ-тың пікірін дәл осылай ашық түрде ескерусіз қалдырмаған еді», – деді Зеленский.
















