Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы: «Біз Газада және жалпы аймақта болып жатқан гуманитарлық апатқа, Израиль үкіметінің Палестина халқына қарсы жасап жатқан адам құқықтарын өрескел бұзу әрекеттері мен адамзатқа қарсы қылмыстарына бұдан әрі көз жұма қарай алмаймыз», – деді.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмуш жұма күні жасаған мәлімдемесінде халықаралық қауымдастық Израильдің халықаралық құқықты үздіксіз бұзуына үнсіз қала алмайтынын атап өтті.
Римде өткен Еуропа парламенттері төрағаларының конференциясында сөз сөйлеген Куртулмуш: «Қылмыс жасағандардың жазасыз қалуына жол бермеуіміз керек», – деді.
Куртулмуш халықаралық қауымдастықты халықаралық құқықты қорғау үшін нақты шаралар қабылдауға шақырды. Оның айтуынша, ережелерге негізделген халықаралық тәртіптің әлсіреуі Газада жылдар бойы жалғасып келе жатқан гуманитарлық апат пен геноцидтен айқын көрінеді.
«Біз Газада және жалпы аймақта болып жатқан гуманитарлық апатқа, Израиль үкіметінің Палестина халқына қарсы жасап жатқан адам құқықтарын өрескел бұзу әрекеттері мен адамзатқа қарсы қылмыстарына бұдан әрі көз жұма қарай алмаймыз», – деді парламент төрағасы.
Сондай-ақ ол: «Бұл – саяси бастама ғана емес, адамзаттың басына түскен ауыр қасіретке қарсы әрекет етуді талап ететін міндет», – деп қосты.
Израиль шабуылдары Газа секторымен шектелмейтінін атап өткен Куртулмуш: «Батыс Шерияда қирату, халықты мәжбүрлі түрде көшіру және заңсыз қоныстанушылардың зорлық-зомбылық әрекеттері жалғасып жатыр. Израиль Сирия мен Ливанды қоса алғанда, аймақ елдерінің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төндіруін тоқтатар емес», – деді.
Куртулмуш Газа халқының қасіретін тоқтату және халықаралық гуманитарлық құқықтың бұзылуына дереу тосқауыл қою үшін парламенттердің белсенді әрекет етуі қажет екенін атап өтті.
Түркия парламентінің төрағасы өзге елдердің парламенттерін Газа тұрғындарының қайғы-қасіретін тоқтату және халықаралық гуманитарлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ету жолында белсенді рөл атқаруға шақырды.






















