Ресейдің Воронеж облысына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуыл салдарынан пойыздағы екі адам қаза тауып, 17 адам жараланғаны хабарланды.
Облыс губернаторы Александр Гусев “Telegram” желісінде жариялаған мәлімдемесінде: «Өкінішке қарай, Воронежде жасалған террорлық шабуыл салдарынан екі адам қаза тапты (...) Тағы 17 адам жараланды», – деді.
Ресей темір жолдары компаниясының мәлімдемесінде шабуыл салдарынан Тресвятская – Сомово – Отрожка – Воронеж теміржол желісінде электр қуаты өшіп, пойыз қозғалысы тоқтатылғаны айтылды.
Мәлімдемеде теміржол желісінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатқаны, оңтүстік бағыттағы жолаушылар пойыздары мен қала маңындағы пойыздардың кешігуі мүмкін екені атап өтілді.























