Украина президенті Владимир Зеленский 2022 жылы Ресеймен соғыс басталған кезде АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байденнің елден эвакуациялану туралы ұсынысына «Маған эвакуация емес, оқ-дәрі керек» деп жауап бергенін айтты.
Владимир Зеленский “YouTube” арнасына берген сұқбатында Ресеймен соғыс басталғаннан кейін өзіне эвакуациялануды алғаш болып Байден ұсынды ма деген сұраққа: «Иә, мұндай ұсынысты алғаш жасаған сол болды», – деп жауап берді.
Зеленскийдің айтуынша, Байден сол кезде: «Басқыншылық жалғасып жатыр, Киев қоршауда қалды. Біз сізге және отбасыңызға көмектесуге дайынбыз», – деген. Украина президенті кейіннен көптеген еуропалық көшбасшының да осындай ұсыныс жасағанын атап өтті.
Зеленский өзінің саяси ортасындағы кейбір тұлғалардың да эвакуациялануға кеңес бергенін айтып, Байденге: «Маған эвакуация емес, оқ-дәрі керек», – деп жауап қайтарғанын жеткізді.


























