Түркия президенті аппараты жанындағы Коммуникация басқармасы президент Режеп Тайып Ердоған мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің кездесуінде аймақтық және жаһандық мәселелер талқыланғанын хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, Ердоған Анталияда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қатысушы тараптардың 31-конференциясы (COP31) аясында өткен көшбасшылар саммитінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.
Кездесу барысында аймақтық және халықаралық мәселелер қаралды. Ердоған Түркияның COP31 конференциясына төрағалық ететініне қуанышты екенін айтып, іс-шараны табысты өткізуге қажетті барлық дайындықтың аяқталғанын жеткізді. Ол Түркиядағы конференция климаттың өзгеруіне байланысты туындаған мәселелерді шешу жолында жаңа бастама болатынына үміт білдірді.
Ердоған Түркияның Иран мен АҚШ арасындағы шиеленісті бәсеңдету және келіспеушіліктерді келіссөздер мен дипломатиялық жолмен шешу үшін аймақ елдерімен бірлесіп күш-жігер жұмсап жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Түркия президенті Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату бағытында да жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, жаңа диалог үдерісіне қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Ердоған мен Гутерриш кездесуде Газа, Кипр және Ливиядағы соңғы жағдайды да талқылады.






















