Бельгия астанасы Брюссельде өтетін кездесуге Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи және Әділет министрі Акын Гүрлек қатысады.
Үш министрлік деңгейінде өтетін жиында екіжақты қарым-қатынастармен қатар терроризмге қарсы күрес, құқықтық ынтымақтастық, көші-қон және трансшекаралық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қаралады.
Кездесу аясында Түркияның Қауіпсіздік басқармасы мен Бельгияның Федералдық полициясы арасындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытуға бағытталған 2027–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары жүзеге асырылады.
Жоспар терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі мен қару-жарақ контрабандасына, заңсыз мигранттарды тасымалдауға және адам саудасына қарсы бірлескен күресті күшейтуді көздейді.
Сонымен қатар екі елдің құқық қорғау органдары арасында сарапшылар кездесулерін өткізу, бірлескен оқу-жаттығулар ұйымдастыру, жедел ақпарат пен тәжірибе алмасуды жоғары деңгейге көтеру жоспарланып отыр.
Екіжақты қарым-қатынастар
Соңғы уақытта Түркия мен Бельгия арасындағы өзара байланыстардың жандана түсуі екі елдің түрлі саладағы ынтымақтастығын кеңейтіп, тереңдетуге ықпал етті.
Атап айтқанда Бельгия королі Филипптің жұбайы, патшайым Матильда 10–14 мамыр аралығында Түркияға экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында сапарлай келді. Делегация құрамында премьер-министрдің орынбасары әрі сыртқы істер министрі, қорғаныс және сыртқы сауда министрі, сондай-ақ аймақтық үкіметтердің басшылары болды.
2025 жылы Түркия мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 9,2 миллиард долларды құрады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр.
Сонымен қатар Бельгияда тұратын 300 мыңға жуық түрік азаматы екі ел арасындағы байланысты нығайтуда маңызды рөл атқарады.




















