ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
2 ... минут оқылды
“Газалықтар шүкіршілік етуден танбайды”
Газада 24 жыл өмір сүрген түрік әйел хикаясын баяндады.
“Газалықтар шүкіршілік етуден танбайды”
Газада 24 жыл өмір сүрген түрік азаматы Кевсер Ылмаз Жарада 2025 жылы 24 қазанда Түркияның Анкара қаласында берген сұхбатында сөйлеп отыр. / AA

Газада 24 жыл өмір сүрген Түркия азаматы Кевсер Йылмаз Жарада Газадағы палестиналықтардың әр соғыстан кейін қайта тұрып, өмірін жалғастыра алатынын айтып, «Газалықтар өмірді қайта жандандыруды жақсы біледі», – дейді. Газа тарихындағы ең қиратушы кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатқанда ол бомбалау, тапшылық және сөнбес сеніммен өрілген өмірінен сыр шертті.

Кевсер Йылмаз Жарада 1999 жылы тұрмысқа шыққаннан кейін Газаға көшіп келіп, 24 жыл бойы сонда өмір сүрді. «Газа халқымен бірге соғыстарды, қоршауларды және қиындықтарды бастан өткердім. Өмірімді олармен бірге өткіздім, өзімді газалық сезінемін», – дейді ол.

2005 жылға дейін израильдік қоныстанушылар Газа аумағында өз фермалары, мектептері және зауыттарымен жайлы өмір сүргенін еске алып, «Олар кең алқаптарда өмір сүрді, бірақ палестиналықтар ауыр экономикалық жағдаймен күресті», – дейді. Оның айтуынша, газалықтар тойтарыс беріп, өз жерлерін қоныстанушылардан тазарта білді.

«Газада өмір тоқтап қалса да білім тоқтамайды», – дейді Жарада. Ол білімнің Газада басымдыққа ие екенін, тіпті соғыс кезінде де сабақтардың жалғасатынын айтады. Балалардың мектептен кейін мешіттерде уақыт өткізетінін, ал электр қуатының күніне 4–8 сағат қана берілетінін еске алады. «Кейде түнде жарық жанса, сол кезде кір жуып, тамақ пісіретінмін. Су екі-үш күнде бір келеді, біз оны жинап, сақтайтынбыз», – дейді ол.

Ол осы қиын жағдайларға қарамастан студенттердің университет бітіргенін айтып, «Газалықтар қандай жағдай болса да шүкіршілік етуден танбайды. Бұл бізге үлкен сабақ болды», – дейді.

Жарада газалықтардың ешқашан үміт үзбейтінін айтады. «Өмір қиын, бірақ бұл адамдарды мықты етеді. Олардың сенімі берік, рухы сынбайды. Бір соғыстан кейін тез аяққа тұрып, өмірге қайта оралады. Олар ешқашан “жеңіліп қалдық” демейді, тағдырын қабылдап өмір сүреді», – дейді ол.

2023 жылы денсаулық жағдайына байланысты Түркияға келген Жарада көп ұзамай Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғанын еске алады. Ол әл-Ақса мешітіне басқыншылықтардың Газа халқын біріктіргенін айтады. «Газалықтар әл-Ақсаны қорғау үшін жанын берді. Екі жыл бойы Израиль Газаны толықтай басып ала алған жоқ. Газа жеңілген жоқ», – дейді ол.

Жарада 8 қазаннан кейінгі ауыр бомбалау мен аштық кезеңін де сипаттап, «Адамдар құдық суын, теңіз суын ішіп, тіпті жабайы өсімдіктермен күнелтті. Балаларым екі апта тек сумен өмір сүрді. Бірде тауық жемінен ұн тартып, нан пісірдік», – дейді ол.

Газаның денсаулық жүйесі күйреп, ауруханалар қиратылып, мыңдаған адам шатырларда немесе қирандылар арасында өмір сүріп жатқанын айтады. Бірақ соған қарамастан газалықтар әр атыстан кейін айналаны қайта тұрғызуға кіріседі. «Атысты тоқтата сала мешіттер жөнделеді, үйлер қалпына келеді, өмір жалғасады. Газалықтар өмірді қайта жандандыруды жақсы біледі», – дейді Жарада.

Іздеу
Грекияда бірнеше өңірді өрт шарпыды
Иран армиясы: “Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ базаларына дронмен соққы бердік”
Қазақстан БҰҰ Бітімгершілік күштері аясында Ливанға әскер жіберді
FETÖ-нің қорғаныс өнеркәсібіндегі диверсиялары  және соңғы 10 жылдағы отандық қорғаныс серпілісі
Сыртқы істер министрі Фидан Украинаға сапармен барады
Президент Ердоғанның "15 шілде: Түркия ғасырының Тәуелсіздік декларациясы" атты мақаласы
Әлем кубогында алғашқы финалист — Испания
Израиль мен Ливан арасындағы келіссөздердің 6-шы кезеңі кеше Римде басталды
15 шілде түні болған оқиғалар, төңкеріс әрекетінің шешуші сәттері және халықтың ерлігі
Министр Фидан Украина мәселесіне арналған саммитке қатысты
Президент Ердоған Катарға барады
АҚШ-тың Иранға қарсы шабуылдары жалғасуда
Трамп Ормуз бұғазынан өтетін кемелерден 20 пайыздық алым алуды ұсынды
«Мемлекетіміздің барлық құрылымдары бұл ауыр тәжірибеден тиісті сабақты алды»
Фетхуллахшы террорлық ұйымы (FETÖ) деген не?