Түркі мемлекеттері 2027 жылы ортақ жерсерік ұшыруды жоспарлап отыр
Түркі Мемлекеттері Ұйымы саммиті қорытындысында қабылданған Анкара декларациясында 2027 жылы ұшырылуы жоспарланған ортақ жерсерік, TEKNOFEST фестивалі және жастарға арналған технологиялық бағдарламаларға ерекше назар аударылды.
Түркі мемлекеттері 2027 жылы ортақ жерсерік ұшыруды жоспарлап отыр
TМҰ

Түркі Мемлекеттері Ұйымы (ТМҰ) ғарыш, технология және инновация салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында ірі халықаралық іс-шаралар аясында «Түркі әлемінің ғарыш күндерін» ұйымдастыруды және бірлесіп әзірленген жерсерікті 2027 жылы ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр.

Анадолы агенттігінің мәліметінше, ТМҰ-ның 13-саммитінде қабылданған Анкара декларациясында экономика, сауда және дипломатиямен қатар, ғарыш пен авиация салаларына да кеңінен орын берілген. Бұл бағыттарға былтырғы Габала декларациясымен салыстырғанда әлдеқайда көбірек көңіл бөлінген.

Соңғы жылдары ғарыш саласындағы ең ірі халықаралық жиындардың бірі Халықаралық астронавтика конгресінің (IAC) түркі мемлекеттерінде өткізіліп келе жатқаны да ерекше маңызға ие.

2023 жылы Әзербайжанда басталған бұл үрдіс биыл Түркияда жалғасты. Ал 2028 жылы конгресс Өзбекстанда өтеді.

Ұйымға мүше мемлекеттер ТМҰ-ның халықаралық деңгейдегі беделін арттыру және бірлескен жобаларын таныстыру мақсатында «Түркі әлемінің ғарыш күндерін» өткізуді жоспарлап отыр.

Ортақ жерсерікті 2027 жылы ұшыру жоспарланып отыр

Анкара декларациясында Түркі Мемлекеттері Ұйымы аясында бірлесіп әзірленген алғашқы «12U» форматындағы «TDT-SAT» шағын жерсерігінің өндірісі аяқталғаны атап өтілді. Бұл түркі мемлекеттері арасындағы технологиялық ынтымақтастықтың маңызды жетістігі ретінде бағаланды.

Жерсеріктің сынақтарын биыл аяқтап,  2027 жылдың екінші жартысында Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыру жоспарланып отыр.

Ұйымға мүше мемлекеттер «TDT-SAT» жерсерігін ұшыруға қатысты қалған құқықтық, нормативтік және техникалық рәсімдерді жеделдетуі тиіс.

Сонымен қатар 6 қазанда Анталияда қол қойылған ТМҰ аясында ғарыш өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық әлеуетін дамыту жөніндегі алғашқы негіздемелік келісім оң бағаланды.

Жастарға арналған бағдарламалар мен TEKNOFEST-ке ерекше назар аударылды

Декларацияда Түркия ғарыш агенттігінің (TUA) «Ғарыш зерттеушілері» атты ғарыш лагері бағдарламасы жас таланттарды даярлау және түркі әлемі жастары арасындағы байланысты нығайту тұрғысынан маңызды бастама ретінде бағаланды.

Бағдарламаны жалғастырып, ауқымын кеңейту көзделіп отыр. Сонымен қатар TEKNOFEST авиация, ғарыш және технология фестивалі түркі әлемінің жастарын біріктіретін маңызды алаңдардың бірі ретінде атап өтілді.

Түркия технологиялық командасы қорының («T3» қоры) басқарма төрағасы Эльван Кузуджу Хыдыр Анадолы агенттігіне берген сұхбатында TEKNOFEST фестивалінің Анкара декларациясына енгізілуін түркі әлемінің ғылым, технология және инновация салаларындағы ортақ болашаққа деген ұмтылысының көрінісі деп бағалады.

Оның айтуынша, басты мақсат – балалар мен жастардың қабілеттерін ерте жастан анықтап, олардың идеяларын нақты жобаларға айналдыруына мүмкіндік жасау.

Осы бағытта ғылыми орталықтар арқылы жастардың ғылымға қызығушылығы арттырылып, «Deneyap» технология шеберханаларында тәжірибелік білім беріледі. Ал TEKNOFEST фестивалі жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік ұсынады.

Эльван Кузуджу Хыдыр мұндай бастамалардың Түркиямен қатар Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Мавритания және Балқан елдерінде де жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Оның сөзінше, бұл жұмыстар жастардың ғылыми-технологиялық қабілеттерін дамытумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар тәжірибе алмасуды, бірлесіп өнім әзірлеу мәдениетін және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

«Біз түркі әлемінің ең үлкен күші ортақ құндылықтар төңірегінде бірігіп, арманын нақты жобаларға айналдыра алатын жастарымыз екеніне сенеміз», – деді ол.

Кузуджу Хыдыр болашақ технологияларды дамытуда жетекші рөл атқаратын, бірлесіп еңбек ететін жаңа ұрпақты тәрбиелеу жолындағы жұмыстардың табандылықпен жалғасатынын атап өтті.

«TEKNOFEST фестивалінің ТМҰ декларациясына енгізілуі – ортақ болашаққа деген берік ұмтылыс пен ынтымақтастық әлеуетінің маңызды көрсеткіші», – деп түйіндеді Эльван Кузуджу Хыдыр.

 

Іздеу
Солтүстік Корея АҚШ-тың кибершабуылға қатысты айыптауына жауап берді
АҚШ-та сайлау басталды
Әлемді жаяу аралаған саяхатшы 28 жылдан кейін үйіне жетті
Италия: «Түркия – Еуропа қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды серіктес»
Франциядағы білім беру мекемелерінде наразылық акциялары қайта басталды
Президент Ердоған: «Оңтүстік Кореямен маңызды жетістіктерге қол жеткізе аламыз»
Израиль күштері Әл-Халил қаласынан толықтай шегінді
Йеменде 500-ге жуық хоусит залалсыздандырылды
«Axios»: «Нетаньяху Трампты сайлаудан кейін Иранға шабуыл жасауға шақырды»
Президент Ердоған Сеулге барды
Болгарияда президент сайлауының алдын ала нәтижелері жарияланды
АҚШ-та жеке ұшақ құлап, 9 адам қаза тапты
Ресей мен Украина арасындағы соғыс Қаратеңізде 120 мың дельфиннің жойылуына себеп болды
Карни Трамппен сөйлесті
Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті ТМҰ саммитінде сөз сөйледі