Кеңес үкіметі одақтың жер көлемі бойынша екінші ең үлкен елі саналатын Қазақстанның басшылығына Сталиннің бұйрығымен большевик Филипп Голощекинді тағайындады.
Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы қызметіне кіріскен Голощекин жергілікті халықты бақылауда ұстау мақсатында «Кіші Қазан төңкерісі» саясатын іске қосты.
Бұл саясаттың ең жойқын қадамы көшпелі қазақ халқын күштеп отырықшылыққа көшіруді көздеген «Ұжымдастыру» деп аталған шешім болды.
Халықтың жартысы ашаршылықтан көз жұмды
Жоба аясында байлар мен орта шаруалардың жалғыз күнкөріс көзі саналған мал-мүлкін Кеңес өкіметі тартып алды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ұжымдастыруға дейін Қазақстанда 45 миллион болған ірі қара мал саны жүргізілген саясаттың салдарынан қысқа уақыт ішінде 4 миллионға дейін азайды.
Мал басының жойылуы 1930-1933 жылдар аралығында тарихқа «Ұлы ашаршылық» деген атпен енген қасіретті ала келді. Бұл кезеңде шамамен 6 миллион болған ел халқының 2,5 миллионы ашаршылықтан ажал құшты.
Режимнің қысымына қарсы 1929-1933 жылдар аралығында халық тарапынан 372 көтеріліс басталғанымен, бұл ереуілдерді Кеңес үкіметі әскери күш қолданып, қанды түрде басты.
Зиялыларға бағытталған саяси қырғын: Қызыл террор
Ашаршылық нәубетімен қатар 1937 жылдан бастап қазақ қоғамының алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері Сталиннің «Қызыл террор» деп аталған жазалау саясатының нысанасына айналды.
1917 жылғы төңкерістен кейін «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрып, саяси тұрғыда ұйымдасқан қазақ зиялылары «ұлтшыл», «пантүрікшіл» және «тыңшы» деген айыптармен «халық жауы» деп жарияланды. Бұл қуғын-сүргін кезеңінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам депортацияланып, 25 мыңнан астам зиялы атылды.
Тек зиялылар ғана емес, олардың әйелдері мен балалары да жазаланып, қысқаша атауы «АЛЖИР» (Отанға опасыздық жасағандардың әйелдері үшін Ақмола лагері) деп аталатын жерге жіберілді.
Түркияның тарихи көмегі: 20-30 мың бала Түркияға әкелінсін
Әлем бұл жағдайға үнсіз қалған уақытта Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі жағдайды орнында зерттеу үшін арнайы делегация тағайындады. Делегация мүшесі Исмаил Супхи бей дайындаған баяндамасында бұл нәубеттен ең көп башқұрт, татар, қазақ және қырғыз балалары зардап шеккенін атап өтіп, 20-30 мыңға жуық баланы құтқару мақсатында Түркияға әкелуді ұсынды.
Тәуелсіздікке апарған жол: Желтоқсан оқиғасы
Қазақстан автономиялы республика ретінде Кеңес Одағының құрамында болды. Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан шыққан Дінмұхаммед Қонаев еді. 1986 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған шешіммен Қонаев қызметінен босатылып, орнына орыс ұлтынан шыққан Геннадий Колбин тағайындалды.
Колбиннің келуін қазақтар қабылдамады. Қазақ халқы 1986 жылдың 17 желтоқсанында Алматыдағы Брежнев алаңына жиналды. Халық демократиялық наразылық шеруін өткізіп жатты.
«Қазақстан — қазақтардікі»
Халықтың қолында «Қазақстан — қазақтардікі», «Колбин, Ресейге қайт» деген сияқты плакаттар болды.
Кеңес Одағының басшылығы бұл жағдайды қазақ ұлтшылдығы мен орыстарға деген өшпенділік деп қабылдады. Одақ Қазақстандағы әскерлері мен қауіпсіздік күштерін алаңға жұмылдырды.
Қазақстанның сол бір суық күндерінде кешкі уақытта өрт сөндіру көліктері халықтың үстіне суық су шаша бастады. Адамдар судан қаша бастағанда, әскерлер бұл жолы қолдарына қару алды.
«Аппақ алаң халықтың қанымен қып-қызыл болды»
Наразылық шаралары 17-18-19 желтоқсан күндері жалғасып, жалпы саны 200 адам өлтірілді. Қар жапқан Брежнев алаңы қазақтардың қанымен қызыл түске боялды. Қазақ халқы ол күндерді «Желтоқсан» деген атпен еске алады.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін алғаннан кейін өткеннің жарасын жазу мақсатында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң» қабылданды. Бұл заң аясында бүгінгі күнге дейін 340 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін және жер аудару құрбандары ақталып, олардың абыройы қалпына келтірілді.
Халықтың жадындағы бұл терең трагедияны еске алу мақсатында 1997 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 31 мамыр ресми түрде «Саяси қуғын-сүргін, депортация және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды.
«Жұт — жеті ағайынды»
Қазақстанның бүкіл тарихы қасірет пен көз жасына толы. Тәуелсіздікке барар жолда қазақтар қысым, сүргін, зұлымдық, ашаршылық пен геноцид секілді ауыр құн төледі. Қасіреттерді «жұт жеті ағайынды» деп сипаттайтын қазақ халқының бұл мәтеліне тағы бір жаман жайт қосылды. Жасы, кәрісі, әйелі, баласы мен зиялыларымен бірге көптеген қазақ тәуелсіздікке апарар жолда жан тапсырды.
Тәуелсіздік үшін күресіп, ату жазасына кесілген Мағжан Жұмабаевтың Түркияның Азаттық соғысына арнап жазған өлеңі әлі күнге дейін әндер мен жырларда өмір сүріп келеді:
Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтыппыз біз бұл шақта.
Лайық па құл боп тұру? Кел, кетейік
Алтайға, ата мұра — алтын таққа!
















