Адам құқықтарын қорғау ұйымдары жексенбі күні жасаған мәлімдемесінде Иранда бір аптадан бері жалғасып жатқан наразылықтар барысында кемінде 16 адам қаза тапқанын хабарлады.
Елде инфляцияның күрт өсуімен басталған наразылықтар бүкіл ел аумағына таралып, шерушілер мен қауіпсіздік күштері арасындағы қақтығыстарға ұласты.
Апта бойы мемлекеттік БАҚ пен адам құқықтарын қорғау ұйымдары адам өлімі мен тұтқындаулар туралы мәлімет таратты, алайда қаза тапқандар мен тұтқындалғандардың саны туралы нақты мәлімет жарияланбады. «Reuters» сияқты сенімді ақпарат агенттіктері бұл мәліметтерді тәуелсіз түрде растау мүмкін болмағанын атап өтті.
Сонымен қатар наразылықтардың елде соңғы жылдары жиілеген шерулердің толқыны екені, әрі әлсіз экономика мен халықаралық қысымның күшеюіне байланысты басталғаны айтылып отыр.
Дональд Трамп шерушілерге күш қолданылған жағдайда, оларды қолдау үшін әрекет етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Трамп жұма күні жасаған мәлімдемесінде «Біз дайынбыз» дегенімен, нақты қандай қадам басылатынын ашып айтпады.
Осы ескертуден кейін ирандық жоғары лауазымды шенеуніктер АҚШ күштеріне қарымта жауап туралы ескерту жасады. Ал Иранның діни көсемі Али Хаменеи елінің жауға бас имейтінін мәлімдеді.
Жексенбі күні Беньямин Нетаньяху да Ирандағы шерушілерге қолдау білдірді. Апталық үкімет отырысында Нетаньяху: «Біз Иран халқының күресімен, олардың бостандық, еркіндік пен әділдік талаптарымен ынтымақтастықтамыз»,- деді.
Нетаньяхудың кеңсесі таратқан мәлімдемеде «Иран халқы өз тағдырын өз қолына алатын тарихи сәттің куәсі болуымыз әбден мүмкін»,- делінген.
Қаза тапқандар саны артып, Иран шерушілерді нысанаға алуда
Адам құқықтарын қорғау белсенділері желісі «HRANA» кемінде 16 адамның қаза тапқанын, 582 адамның ұсталғанын хабарлады.
Иран полициясының басшысы Ахмад-Реза Радан мемлекеттік БАҚ-қа берген мәлімдемесінде, қауіпсіздік күштерінің соңғы екі күнде наразылық жетекшілерін тұтқындағанын, сондай-ақ интернеттегі көптеген жетекшінің қамауға алынғанын айтты.
Ең үлкен қақтығыстардың елдің батыс өңірлерінде тіркелгені хабарланды. Сонымен қатар Тегеран қаласында, оның орталық аудандарында және елдің оңтүстігіндегі Белуджистан уәлаятында да шерулер өтіп, шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болғаны айтылды.
Сенбі күні түнде Ирандағы шиит діни мекемелерінің консервативті орталығы саналатын Қом қаласының губернаторы тәртіпсіздіктер кезінде екі адамның қаза тапқанын, олардың біреуі жасаған жарылғыш құрылғысының мерзімінен бұрын іске қосылуы салдарынан көз жұмғанын мәлімдеді.
«HRANA» және «Tasnim» ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, билік өкілдері шеруге шақырған онлайн аккаунттардың иелерін де қамауға алған.
Ұлттық валюта құнын жоғалтты
Наразылықтар бір апта бұрын базар саудагерлері мен кәсіпкерлер арасында басталып, кейін университет студенттеріне ұласты. Кейін шеру ірі қалаларға тарады.
Иранда наурызда басталған инфляция 36 пайыздан асты, ал риал валютасы долларға шаққанда құнының шамамен жартысын жоғалтты. Бұл жағдай халық үшін айтарлықтай қиындық туғызды.
Сарапшылар Иранның экономикалық мәселелері қымбат ядролық бағдарламамен, сол бағдарлама бойынша енгізілген халықаралық санкциялармен байланысты екенін айтады. Үкімет жыл бойы елді су және электр энергиясымен қамтамасыз етуде қиындықтарға тап болды, ал жаһандық қаржы ұйымдары 2026 жылы ел экономикасы қалпына келмейтінін мәлімдеп отыр.
Билік наразылықтарға екіжақты тәсіл қолданды. Үкімет өкілдері экономикалық дағдарысты мойындап, шерушілермен диалог орнатуды ұсынса, қауіпсіздік күштері қатаң қарсылықтарды күш қолдану арқылы бәсеңдетті.
Ал Иранның діни көсемі Али Хаменеи сенбі күні жасаған мәлімдемесінде, билік өкілдері шерушілермен сөйлескенімен, «тәртіп бұзғандар жауапкершілікке тартылу керек» деген пікір білдірді.















