Түркияның 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясын (COP31) өткізуі - елдің халықаралық аренадағы беделін арттырып, климат дипломатиясында шешуші орын алуы тұрғысынан үлкен маңызға ие.
«COP» ˗ БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясына (UNFCCC) мүше 197 елдің жыл сайынғы басқосуы ретінде белгілі. Бұл жиында халықаралық климат саясаты келіссөздер арқылы талқыланып, нақты шешімдер қабылданады.
«COP» отырыстарында парниктік газдарды азайту, көміртек нарығының ережелері сияқты тақырыптар бойынша жаһандық келісімдер жасалады. Париж келісімін іске асырудың жол картасы да осы жиында нақтыланып, қабылданған шешімдер елдердің климат саясатына тікелей әсер етеді.
Анадолы агенттігі осы тақырыпқа арналған кең көлемді материалында «COP»-тың қалай жұмыс істейтінінен бастап, конференция өткізетін елге жүктелетін міндеттерге дейінгі үдерісті бес сұрақ аясында қысқаша түсіндіріп өтті.
«COP» деген не?
«COP» саммиті ˗ БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының ең жоғары шешім қабылдайтын органы және жыл сайын конференция өткізеді. Конвенцияға мүше 197 елдің өкілдері жыл сайын өтетін «COP» отырыстарында бас қосып, парниктік газ шығарындыларын азайту, бейімделу саясаты, климаттық қаржыландыру, шығын мен залал тетіктері және көміртек нарықтары сияқты мәселелерді талқылайды және жаһандық келісімге келеді. Париж келісімін іске асыруға қатысты ережелер де «COP» саммиттерінде айқындалады.
Саммит өткізудің қандай артықшылықтары бар?
Елде «COP» саммитін өткізу дипломатия, экономика және экологиялық салаларында үлкен мүмкіндік береді.
Бір мемлекет «COP» саммитін қабылдай отырып, жаһандық климат саясатының орталығына айналады және маңызды дипломатияға ие болады.
Он мыңдаған делегаттың қатысуы туризм, қонақүй, көлік және қызмет көрсету салаларында айтарлықтай экономикалық белсендікті арттырады.
Саммит өткізетін ел сонымен бірге сол елдің жасыл трансформацияға бағытталған күш-жігерін жылдамдатады. Жаңартылатын энергия, тұрақты қалалық жоспарлау және климатқа бейімделу жобаларына қызығушылық артады.
Халықаралық қаржы ұйымдары мен климаттық қорлардың елге назары күшейеді, осылайша елге таза энергия және климаттық қаржыландыру инвестицияларын тарту әлеуеті де жоғарылайды.
Саммит өтетін қала екі апта бойы әлемнің назарында болады, климат дипломатиясының орталығына айналады және халықаралық танымалдығын арттырады.
«COP» саммиттері қай елдерде өтті?
1995 жылдан бері «COP» саммиттері әртүрлі құрлықта өтті. Ең танымал қабылдаушы елдердің қатарына Германия («COP1», Берлин), Жапония («COP3», Киото), Дания («COP15», Копенгаген), Франция («COP21», Париж; Париж келісімі қабылданған саммит), Ұлыбритания («COP26», Глазго), Мысыр («COP27», Шарм-эл-Шейх), Біріккен Араб Әмірліктері («COP28», Дубай), Әзербайжан («COP29», Баку) және Бразилия («COP30», Белен) жатады. Түркия келесі жылы алғаш рет «COP» саммитін өткізетін болады.
Саммит өткізу қандай міндеттерді жүктейді?
«COP» саммитін қабылдау ауқымды ұйымдастыру әлеуетін қажет етеді. Саммит өтетін ел 100 мыңнан астам қатысушыны қабылдауға қажетті инфрақұрылымды дайындауға, ірі конференция залдары, медиа орталықтары, іс-шара алаңдары мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге міндетті.
Мемлекет БҰҰ-ның қауіпсіздік стандарттарына сай болып, қалдықсыз өндіріс бастамалары, көміртексіз ұйымдастыру сияқты тұрақтылық талаптарын орындауы тиіс. Мемлекет және үкімет басшыларының қатысуына байланысты жоғары деңгейдегі дипломатиялық дайындықтар, алдын ала отырыстар және техникалық комитет кездесулерін үйлестіру де міндеттеледі.
Сондықтан саммит өткізетін ел тек логистиканы қамтамасыз етумен шектелмей, сонымен қатар жаһандық келіссөздердің қолайлы ортада, кідіріссіз әрі тиімді өтуін қамтамасыз етуге жауапты.
«COP31» саммитінің Түркияда өтуі нені білдіреді?
Түркия «COP31» үшін Австралиямен бірге ортақ кандидатура ұсынған еді. Бразилияның Белен қаласында өткен «COP30» Бас Ассамблеясында келесі «COP» саммитін Түркияда өткізуі туралы шешім қабылданды.
Келесі жылы шамамен 200 елдің өкілі Түркияда бас қосып, климаттық әрекеттерді талқылайтын болады. «COP31» көшбасшылар саммитінің Стамбулда, ал «COP31»-дің негізгі отырыстарының Анталияда өтуі жоспарланып отыр.
Осылайша Түркия екі апта бойы жаһандық климат дипломатиясының орталығына айналады. Бұл үдеріс климаттық қаржыландыру, таза энергия және жасыл технологиялар сияқты салаларда халықаралық инвесторлар мен қорлардың Түркияға деген қызығушылығын айтарлықтай арттыруы мүмкін.
Түркияның климат саясаты, шығарындыларды азайту мақсаты және жасыл трансформация бағдарламалары жаһандық деңгейде үлгі ретінде көрсетіледі.















