АҚШ Таяу Шығысқа тағы бір әскери кеме жіберді
АҚШ президенті Дональд Трамп әскери шоғырландыру Тегеранды келіссөз үстеліне әкеледі деп үміттеніп отыр.
Америкалық «CBS» телеарнасының бейсенбі күнгі хабарына сәйкес, Дональд Трамп ауқымды теңіз күштерінің Иранға қарай бет алғанын мәлімдегеннен кейін АҚШ Таяу Шығысқа тағы бір әскери кеме жіберді.
«CBS» мәліметінше, жіберілген кеме ˗ «Arleigh Burke» класындағы «Aegis»-пен басқарылатын «USS Delbert D. Black» зымыран жойғышы.
«CBS» дерегіне қарағанда, АҚШ Орталық қолбасшылығының жауапкершілік аймағындағы кемелер қатарында «USS Abraham Lincoln» әуе тасымалдаушысы, «USS Spruance», «USS Murphy», «USS Frank E. Petersen», «USS McFaul», «USS Mitscher» жойғыштары, сондай-ақ «USS Canberra», «USS Tulsa» және «USS Santa Barbara» әскери кемелері бар.
Пентагон Тегеранмен шиеленіс жалғасып жатқан кезде әуе тасымалдаушы соққы тобын, заманауи жойғыш ұшақтарды және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін аймаққа жіберуді жалғастыруда.
Трамп сәрсенбі күні «Тегеран Вашингтонмен келіссөз жүргізу үшін үстелге отырады»,- деп үміт білдірді.
АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет бейсенбі күні Вашингтон Иранның ядролық қару иелену әрекетіне жол бермеу үшін барлық мүмкіндіктерді қолдануға дайын екенін айтып, дипломатиялық келісімнің әлі де мүмкін екенін атап өтті.
АҚШ әскери шенеуніктері қаңтардың басында аймақ ауқымды қақтығысқа дайын емес екенін мәлімдеген болатын.
Иран армиясы шиеленіс ушыққан жағдайда кез келген шабуылға нақты, әрі жедел жауап берілетінін ескертті.