Израиль күштері 10 күнге созылған қоршау мен шабуылдардан кейін басып алынған Батыс Шерияның оңтүстігіндегі Әл-Халил қаласынан толықтай шегінді.
Әл-Халил губернаторы Халид Дудин Израиль күштерінің қаладан толық шығарылғанын және Палестинаның қауіпсіздік күштері бүкіл аумақты бақылауға алғанын мәлімдеді.
Дудиннің айтуынша, Израиль шабуылдары салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған отбасылар енді қайта орала алады. Құзырлы органдар мен қауіпсіздік күштері аймақтағы жағдайды бақылап, тұрғындардың қауіпсіз оралуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
23 қазанда екі палестиналықтың қарулы шабуыл жасағанын алға тартқан Израиль күштері бүкіл халықты жазалау шарасы ретінде аймақты қоршауға алып, Әл-Халил қаласының әртүрлі бөліктеріне рейдтер жүргізген.
Бұл шабуылдан Израильдің екі әскери қызметкері қаза тауып, үшеуі жараланған. Кейін Израиль күштері шабуылды ұйымдастырды деп айыптаған екі палестиналықты өлтірген.
Әскери операция басталғаннан бері Израиль күштері Әл-Халил мен оның айналасындағы ауылдарды қоршауда ұстап, Джәлдә және Айн-Дейр-Баха аудандарындағы тұрғын үйлерді басып алып, оларды әскери бекеттерге айналдырған.
Осы уақыт ішінде мыңдаған палестиналық үйлерінен күштеп көшіріліп, тұрғын үйлер, түрлі мекемелер мен сауда нысандары қиратылған. Сондай-ақ аймақтың инфрақұрылымына елеулі зақым келген.






















