Президент Режеп Тайып Ердоған: «Бүгін өткенге көз жүгіртсек, Әділет және даму партиясының ширек ғасырлық кезеңі Түркия үшін тарихи өзгерістерге жол ашқанын көреміз. Демократиялық заңдылық нығайды, мемлекеттің халыққа қызмет көрсету мүмкіндігі артты, қоғамның әртүрлі топтарының қоғамдық өмірге араласу мүмкіндігі артты. Түркия өз мақсатын өзі айқындайтын, өз мүмкіндігіне сенетін және болашағын өз еркімен қалыптастыратын елге айналды», – деді.
Президент Ердоғанның Әділет және даму партиясының құрылғанына 25 жыл толуына орай жазған «Әділет және даму партиясы – халықпен бірге жазылған ширек ғасырлық өзгеріс тарихы» атты мақаласы Сауд Арабиясының «Al Arabiya» басылымында жарияланды.
Ердоған мақаласында 25 жыл бұрын Әділет және даму партиясын құрғанда, түрік халқымен бірге елдің болашағын өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді жолды бастағандарын айтты.
«2001 жылдың 14 тамызында «Бұдан былай Түркияда бәрі басқаша болады» деген кезде біздің ең үлкен тірегіміз халықтың ерік-жігері еді. Әділет және даму партиясы құқықтары шектелген, дағдарыстардың ауыр салдарын бастан өткерген және өскелең ұрпақ үшін әл-ауқаты жоғары болашақты қалаған миллиондаған адамның ортақ үміті ретінде дүниеге келді», – деді Ердоған.
«Әуе қорғанысы жүйелерін дамыту бағытындағы қадамдарымыз Түркияның өндірістік және технологиялық мүмкіндіктерін арттырды»
Ердоған білім беру, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, әлеуметтік саясат және қала құрылысы салаларында жүзеге асырылған инвестициялар елдегі өзгерістердің негізін қалағанын айтты.
Президент мемлекеттік қызметтердің бүкіл ел бойынша қолжетімді болуына жағдай жасалғанын атап өтіп, Анадолының өндірістік және даму мүмкіндіктері кеңейтілгенін, сондай-ақ әйелдер, жастар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қоғамның барлық тобының экономикалық және әлеуметтік өмірге белсенді араласуына қолдау көрсетілгенін мәлімдеді.
Қорғаныс өнеркәсібі мен озық технологиялар саласында басылған қадамдардың стратегиялық бағыттардағы шетелге тәуелділікті едәуір азайтқанын айтқан Ердоған:
«Дрондардан ұлттық KAAN жауынгерлік ұшағына, әскери кемелерден әуе қорғанысы жүйелеріне дейінгі жобаларымыз Түркияның өндірістік және технологиялық мүмкіндіктерін арттырды. «TOGG», ғарыш бағдарламамыз, атом энергетикасына салынған инвестицияларымыз және Қаратеңізде табылған табиғи газ жаңа сенімнің нышанына айналды. Алдағы кезеңде осы әлеуетті жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, энергетикалық технологиялар және қосымша құны жоғары өнім өндіру салаларындағы жаңа серпіліске айналдырамыз», – деді.
Ердоған сыртқы саясатта Түркияның өзгеріп, барған сайын көпполярлы сипат алған халықаралық жүйенің белсенді ойыншыларының біріне айналғанына назар аударды. Оның айтуынша, Түркия ұлттық мүдделерін қорғай отырып, дипломатияны, диалогты және гуманитарлық жауапкершілікті негізге алатын жан-жақты саясат жүргізіп келеді.
Түркі және ислам әлемімен қарым-қатынастарды жан-жақты дамытып отырғандарын айтқан Ердоған қысым көрген халықтардың құқықтарын барлық халықаралық алаңда батыл қорғап келе жатқандарын атап өтті.
Ердоған сөзін былай жалғастырды: «НАТО-ның қуатты одақтасы, «G20»-ның белсенді мүшесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының жетекші елдерінің бірі және Еуропаның қауіпсіздік жүйесіндегі негізгі ойыншылардың бірі ретінде Қаратеңізден Таяу Шығысқа, Кавказдан Африкаға дейінгі кең аумақта бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосып келеміз. /…/. «Әлем бестен үлкен» деген үндеуіміз арқылы БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар қазіргі әлемдегі күштер арақатынасын және қоғамдардың әртүрлілігін әділ көрсетуі тиіс деген пікірді алға тартамыз».
«Мүмкіндіктерге назар аударып, жолымызды табандылықпен жалғастырып келеміз»
Ердоған Әділет және даму партиясының ширек ғасыр бойы берік болуына негіз болған басты күш халықпен орнатылған байланыс екенін айтып, осы тәжірибе оларға үнемі жаңарып отыру жауапкершілігін жүктейтінін атап өтті.
«Түркия ғасыры – Республикамыздың екінші ғасырына арналған ортақ болашаққа деген ерік-жігеріміздің атауы», – деген Ердоған демократиясы берік, экономикасы қуатты, технологияда көшбасшы, сыртқы саясатта ықпалды және қоғамдық ынтымағы мықты Түркия құруды мақсат ететіндерін мәлімдеді.
Президент Ердоған: «Әділет және даму партиясының 25 жылдығы –тәжірибемізді саралап, жаңа кезеңнің жол картасын айқындаған тарихи белес. Осы жолда ардақты халқымызбен бірге реформаларды жалғастыруға ұмтылысымызды сақтап, мүмкіндіктерге назар аудара отырып, табандылықпен алға жылжып келеміз», – деді.




















