Сыртқы істер министрлігінің дереккөздерінен алынған ақпаратқа қарағанда, Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Мемлекет және үкімет басшылары кеңесінің жетінші отырысына президент Режеп Тайып Ердоғанның атынан қатысады.
Кеңеске төрағалық етуші Әзербайжанның ұйымдастыруымен өтетін саммит мүше мемлекеттерден бөлек бақылаушы елдер мен кеңес серіктесі әрі бақылаушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың өкілдеріне бас қостырады.
Азиядағы жаһандық саясат пен экономикаға ықпал ететін актерлердің ортақ басымдықтары мен ынтымақтастық салаларын айқындауы тұрғысынан маңызды мәнге ие бұл саммитте Әзербайжанның төрағалық ету кезеңінде «Азиядағы анағұрлым күшті кеңес, өзара байланыс, цифрландыру және тұрақты даму» тақырыбымен күн тәртібіне қойған мәселелерінің алдыңғы қатарға шығуы күтілуде.
Саммитте қорытынды құжат ретінде «Баку декларациясы» мен «Еңбек қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдеменің» қабылдануы және Лаостың жаңа мүше ретінде қосылуы жоспарлануда.
Министр Фиданның саммитте сөз сөйлеуі және екіжақты кездесулер өткізуі жоспарланған.
Фидан саммитте сөйлейтін сөзінде және кездесулерінде жаһандық дағдарыстар мен геосаяси оқиғалар тудырған сынақтарға қарсы консультация, келісім, өзара сенім және аймақтық жауапкершілік түсінігіне негізделген ортақ шешімдер қабылдаудың маңыздылығына орын береді, осы орайда тиімді көпжақты дипломатияны қорғау мен нығайтуға басымдық берілуі қажеттігін атап өтеді.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес
Қауіпсіздік саласында тиімді көпжақты ұйымдар жоқ Азия географиясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес түрлі басымдықтарға ие актерлерді де қамтитын 28 елді ортақ диалог алаңында тоғыстырған бірегей құрылым болып табылады.
Ұйым жер көлемі жағынан Азия құрлығының 90 пайызын және әлем халқының жартысынан астамын қамтиды.
Мүшелер арасындағы ынтымақтастық әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық, экологиялық бағыттар мен жаңа қауіптер мен сынақтар сияқты бес негізгі тақырып бойынша жүзеге асырылады.
Кеңеске төрағалық ету міндетін осы уақытқа дейін сәйкесінше Қазақстан, Түркия, Қытай, Тәжікстан, Қазақстан және Әзербайжан атқарды.
Түркия құрылтайшы мүшелерінің бірі болып табылатын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес жұмысына басынан бері пәрменді қолдау көрсетіп келеді.
Түркия 2010 жылдың 8 маусымында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Үшінші саммитін Стамбулда өткізіп, 2010–2014 жылдар аралығында төрағалық міндетін атқарды. Бұл кезеңде институттану қадамдарында белсенді рөл атқарған Түркия ұйымның саяси-әскери пайымға ие болуына және оның жаһандық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға бағытталған күш-жігерге көшбасшылық етті.















