Президент Режеп Тайып Ердоған Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай бейнеүндеу жариялады.
«Бүгін біз Республикамыздың құрылғанына 103 жыл толуын зор мақтанышпен және ерекше қуанышпен атап өтіп жатырмыз. Ардақты халқымызды, Кипрдегі түрік бауырларымызды және әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын барлық азаматымызды 29 қазан Республика күнімен құттықтаймын. Шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерімізде мерекелік қуанышымызға ортақтасқан қадірлі қонақтарымызға шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ бізбен тағдыры, рухани және мәдени құндылықтары ортақ, қуанышымызды бірге бөлісіп, қайғымызға ортақтасатын, жүрегі халқымызбен бірге соғатын барлық дос әрі бауырлас халықтарға ыстық ықыласымды жолдаймын. Республикамыз – даңқты жеңістер мен күреске толы түрік халқының тәуелсіздікке деген ерік-жігерінің, азат өмір сүруге деген берік ұстанымының және өз болашағын өзі айқындауға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Мұстафа Кемал Ататүріктің басшылығымен үлкен жанқиярлықпен жүргізілген ұлт-азаттық күрес бірлік пен ынтымаққа ұйысқан халықтың ең ауыр жағдайда да жетістіктерге қол жеткізе алатынын бүкіл әлемге паш етті. Осындай қиын-қыстау кезеңде қол жеткізілген ұлы жеңіс бір халықтың тағдырын өзгертіп қана қойған жоқ, ұлттық ерік-жігердің құдіреті мен тәуелсіз өмір сүру құқығының мызғымас құндылық екенін дәлелдеп, тарихта мәңгілік із қалдырды. Осыдан тура 103 жыл бұрын халқымыз танытқан табандылық, батылдық пен қайсарлық бүгін де бізге күш беретін басты қайнар көз болып қала береді. Соңғы 24 жылда қорғаныс өнеркәсібінен энергетикаға, көлік саласынан дипломатияға дейінгі көптеген бағытта қол жеткізген жетістіктерімізді қуатты әрі өркендеген Түркияны қалыптастыру жолындағы маңызды белестер деп санаймыз. Өз технологияларын дамытып, қорғаныс саласындағы әлеуеті мен мүмкіндіктерін арттырып, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңғыртып, өндірістік қуатын ұдайы ұлғайтып келе жатқан еліміз жарқын болашаққа нық қадам басып келеді», - деді президент.























