Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясы елдің Әл-Хардж аймағына хоуситтер ұшырған қанатты зымыранның атып түсірілгенін хабарлады.
Араб коалициясының баспасөз хатшысы, Турки әл-Малики «X» әлеуметтік желісіндегі парақшасында хоуситтердің ел астанасы Эр-Риядтың оңтүстігінде орналасқан Әл-Хардж аймағын қанатты зымыранмен нысанаға алғанын мәлімдеді.
Турки әл-Малики: «Әуе қорғанысы жүйелері хоуситтер ұшырған зымыранды Әл-Хардж аймағының әуе кеңістігінде анықтап, залалсыздандырды», – деді.
Соңғы уақытта Йеменде үкімет күштері мен хоуситтер арасындағы қақтығыстар күшейе түсті. Хоуситтер өздеріне қарсы шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеп, Сауд Арабиясының аумағына баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы беруде.
Йеменде 2014 жылдың қыркүйегінде хоуситтер ел астанасы Сана қаласы мен бірқатар аймақты бақылауға алғаннан кейін азаматтық соғыс басталды.
Сауд Арабиясы жетекшілік ететін Араб коалициясы 2015 жылдың наурызынан бері халықаралық қауымдастық мойындаған Йемен үкіметіне қолдау көрсетіп келеді.


















